Қылмыс жасарып барады
Парламент Мәжілісінің сегізінші шақырылымының депутаты Асылбек Нұралиннің айтуынша, елімізде 18 мыңға жуық адам есірткіге тәуелді ретінде ресми есепте тұр. Алайда нақты көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Сонымен қатар 100 мыңнан астам азамат алкогольге тәуелділіктен зардап шегеді. Темекі тұтыну деңгейі халықтың 17,5 пайызын құрайды.
Бұдан да алаңдатарлығы – зиянды әдеттерге бой алдырғандардың жасы жасарып барады. Экс-депутат осы үрдістің алдын алу үшін ведомствоаралық үйлестіруді күшейтіп, профилактика мен медициналық-әлеуметтік оңалтуға басымдық беру қажеттігін көтерді.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген. Құжат заңнаманы жетілдіруді, алдын алу шараларын күшейтуді, цифрлық бақылау мен оңалту жүйесін дамытуды көздейді. Атап айтқанда, есірткіге тәуелді азаматтарды медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту деңгейін 2026 жылы 31 пайызға, 2027 жылы 33 пайызға, 2028 жылы 35 пайызға жеткізу жоспарланған.
Алайда есірткі мәселесі тәуелділікпен ғана шектелмейді. Есірткі тұтынбаған жастардың да заңсыз табыс іздеп, қылмыстық ортаға түсуі алаңдатады.
Құрылтай депутаты Дидарбек Ділдәбек осы мәселеге қатысты жақында депутаттық сауал жолдады. Оның келтірген дерегіне сүйенсек, 2025 жылы елімізде 8 280 есірткі қылмысы тіркеліп, 4 684 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылған. 67 жасөспірім сотталған. Ал 2026 жылдың тоғыз айында 7 464 есірткі қылмысы тіркеліп, 3 282 адам жауапқа тартылған. Осы кезеңде 59 кәмелетке толмаған азамат сотталған. Демек, тоғыз айда сотталған жасөспірімдер саны өткен жылдың толық көрсеткішінің 88 пайызына жеткен.
Оңай табыстың тұзағы
Цифрлық технологиялардың дамуы қылмыстық топтардың әрекет ету тәсілдерін өзгертті. Олар жастарды есірткі тасымалына ғана емес, заңсыз қаржы айналымына да тартып отыр.
Соңғы жылдары кең тараған құбылыстардың бірі – дропперлік. Яғни азаматтардың өз банк карталарын немесе шоттарын заңсыз қаржы операцияларын жүргізу үшін басқа адамдарға беруі. Мұндай әрекеттер есірткі бизнесімен қатар интернет-алаяқтық және өзге де қылмыстық схемаларда кездеседі.

2026 жылғы маусымдағы мәліметке сәйкес, дропперлікке қатысты істерде күдікті ретінде танылған 214 адамның 159-ы – 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар. Олардың жалпы санының 140-ы қылмыс кезінде жұмыссыз болған. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, жыл басынан бері 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылған. Олардың банк шоттары арқылы 112 миллиард теңгеден астам операция жүргізілген.
Дидарбек Ділдәбек мәселені тек қылмыстық қудалау арқылы шешу мүмкін еместігін атап өтті. Жастардың осындай схемаларға тартылуына жұмыссыздық, әлеуметтік осалдық және қаржылық сауаттың төмендігі де әсер етеді. Расында, тұрақты табыстың болмауы мен тұрмыстық қиындықтар жастардың оңай ақша ұсынған қылмыстық топтардың арбауына түсу қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан қылмысқа қарсы күрес әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту саясатымен ұштасуы тиіс.
Жазалаудан бұрын алдын алу
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, биылғы тоғыз айда елімізде 18 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілген. Оған 2,8 миллионнан астам адам, соның ішінде 1,7 миллионға жуық жасөспірім қатысқан. Білім беру саласында да жаңа тәсілдер енгізіліп жатыр. «BilimClass» платформасына «Заң мен тәртіп» цифрлық бөлімі қосылған. Жоба 5 мың мектепті қамтиды.
Интернет кеңістігіндегі заңсыз контентке қарсы бақылау да күшейтілген. Биыл есірткіні насихаттайтын 6 524 материал анықталып, әлеуметтік желілердегі заңсыз жарияланымдардың 76 пайызы жойылған.

Министрдің айтуынша, есірткі қылмыстары үшін ұсталған кәмелетке толмағандардың 61 пайызы толық емес немесе материалдық жағдайы төмен отбасылардан шыққан. Әрине, отбасының әлеуметтік жағдайы баланың қылмысқа баратынын білдірмейді. Алайда бұл көрсеткіш профилактикалық жұмыстарда әлеуметтік қолдау мен психологиялық көмектің маңызын ескеру қажеттігін аңғартады. Жастарға заңсыз табыстың салдарын түсіндірумен қатар, адал еңбекпен ақша табудың жолын көрсету қажет. Сапалы білім, жұмыспен қамту, қаржылық сауаттылық және бос уақытты тиімді ұйымдастыру – қылмыстың алдын алудың маңызды тетіктері.