$ 455
€ 498.77
₽ 5.56

«Қырғыздардан көшірген бе?»: «Ғалам аруы» байқауындағы қазақстандық арудың 5 миллион теңгелік костюмі дау тудырды

Редактор
23.11.2026, 13:25
Фото: instagram.com/reealina
Фото: instagram.com/reealina
Костюмнің басты ерекшелігі – арнайы механизм арқылы ашылатын, құлашы 4,5 метрге жететін алтын түсті қанаттар

Қазақстан атынан халықаралық сұлулық байқауына қатысқан Алина Ридің алтын түсті қанаттары бар ұлттық костюмі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кейбір қолданушылар оны Қырғызстан өкілінің бұрынғы образымен салыстырып, идеяның қайталанғанын айтса, енді бірі бұл пікірмен келіспеді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Әлеуметтік желідегі пікірталас Threads платформасында басталған. mishelle_abdrazakov есімді қолданушы Қырғызстан өкілінің қанатты костюмін жариялап, Қазақстан қатысушысының образын сынаған.

«Қайталанбас түпнұсқаны еске түсірейік, оның арзан көшірмесін емес», – деп жазған ол.

Алайда желі қолданушыларының барлығы бұл пікірді қолдамаған. Кейбірі қанат бейнесі әлемнің көптеген елдерінде сахналық костюмдерде қолданылатынын айтып, Қазақстан өкілдерінің де бұған дейін осындай элементтері бар киім кигенін еске салған. Пікірталасқа қатысқандардың бірі 2018 жылы Қазақстан атынан халықаралық байқауға қатысқан арудың қанатты костюмін мысалға келтірген.

Қазақстандық арудың костюмі несімен ерекше?

Алина Ри халықаралық байқаудың ұлттық киімдер көрсетілімінде «Алтын бүркіт: Қазақстан рухы» атты образбен сахнаға шыққан. Костюмнің басты ерекшелігі – арнайы механизм арқылы ашылатын, құлашы 4,5 метрге жететін алтын түсті қанаттар. Киімге 10 мыңнан астам сәндік тас қолданылған. Оның салмағы шамамен 30 келі, ал әзірлеуге 5 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалғаны хабарланды. Образды қазақстандық SV Muse бренді әзірлеген. Айта кетейік, Қазақстан атынан қатысқан 22 жастағы Алина Ридің толық аты-жөні – Алина Екатеринечева. Шымкент қаласының тумасы 2025 жылы «Мисс Қазақстан» байқауында жеңіске жеткен. Әзірге костюмге қатысты плагиат туралы пікірлер әлеуметтік желідегі қолданушылардың бағасы ғана. Қазақстандық дизайнерлердің өзге біреудің жұмысын көшіргені дәлелденген жоқ.

Ресми дереккөздерден нақтыланған мәлімет

Тексеру барысында байқауды ұйымдастырушылардың мәліметтері және дауға қатысты «Мисс Қазақстан» директоры Рамина Ибрагимованың түсініктемесі табылды. Рамина Ибрагимова Threads желісінде екі елдің костюмдерін салыстыруға қарсы пікір білдірген. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан өкілдерінің образдары дизайны мен пішіні жағынан әртүрлі, ал ортақ элемент – қанат бейнесі. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, костюмді SV Muse бренді әзірлеген, ал оның тұжырымдамасын Алина Ридің өзі ұсынған. Киім Қазақстан туындағы күн мен қыран бейнесіне негізделген.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау