Қызылордада екі қызға араша түскен 18 жастағы медициналық колледж студенті пышақ жарақатын алып, ауруханаға түсті. Оқиға 20 қараша күні кешкі уақытта болған, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға Қызылорда қаласындағы Шұғыла шағынауданында болған. 1984 жылы туған ер адам ойын-сауық орнынан шыққаннан кейін көшеде кетіп бара жатқан екі қызға тиісіп, мазасын алған. Осы сәтте Нұралла есімді жігіт қыздарға араша түсіп, ер адамнан оларды жайына қалдыруды сұраған. Алайда екеуінің арасында жанжал туындаған. Ер адам оны оңаша жерге сөйлесуге шақырған. Жарық аз жерде бейтаныс азамат қолын бірнеше рет сермеген. Жігіт бастапқыда не болғанын түсінбей, кейін күртесін ашқанда қан кеткенін байқаған.
Салдарынан студент кеуде тұсынан және өкпесінен екі пышақ жарақатын алған. Дәрігерлер оның өкпесіне жиналған ауаны шығару үшін арнайы түтік орнатқан. Қазіргі уақытта Нұралла ауруханада ем қабылдап жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жанжалға қатысқан ер адам бұған дейін де көшеде өтіп бара жатқан адамдарға тиісіп, қоғамдық тәртіпті бұзған.