Бұл бірегей нысанды салу барысында табиғи ландшафты толық сақталып, аумағына ағаштар отырғызылды, «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи паркі аумағындағы флора мен фаунаны бейнелейтін жануарлар мүсіндері орнатылды. Еске салсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Талдықорған және Текелі қалаларында тағы екі экопарк салынуда, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

2022 жылы құрылған парктің аумағын 6 гектардан 15-20 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Экопарк салу жұмыстары 2027 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.
Қазіргі таңда кезең-кезеңімен абаттандырылып жатқан жасыл аймақ аудан тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналды.
Парктің кіреберісінде «Денсаулық» жағалауы салынды. Өзен бойымен оң және сол бағытта жалпы ұзындығы шамамен бір шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолы төселген. Сондай-ақ саябақ аумағы толық жарықтандырылған, келушілерге қолайлы болу үшін жаяу жүргінші жолы төселген, ал серуендеу аймағында орындықтар мен қоқысқа арналған урналар қойылды, бейнебақылау жүйесі орнатылған.

Экопарк аумағында отбасылық демалыс үшін қолайлы жағдай жасалған. Мұнда футбол алаңы, скейтборд алаңы, воркаут аймағы, шағын теннис корты, сол сияқты екі балалар ойын алаңы бар.

Сондай-ақ ашық аспан астындағы кинотеатр, беседкалар мен субұрқақ орнатылған, оған қоса ұлттық аспаптар, жануарлар және ұлттық спорт түрлеріне байланысты түрлі 15 мүсін мен шағын сәулеттік нысандар қойылған.
Бұдан бөлек, саябақ пен Жоңғар Алатауы тауларының көрінісі ашылатын екі шолу алаңы жасалған, 400 орындық амфитеатр, серуендеу аллеясы бар. Шолу алаңының біреуін таулар аясындағы фотоаймақ ретінде де қолдануға болады. Мәдени көпшілік шаралар өткізуге арналған ашық аспан астындағы сахна қойылған.
Сонымен қатар экопаркте қайық стансысы, тыныш демалу аймағы, өзен жағасындағы шахмат ойын алаңы, жалаңаяқ серуендеуге арналған соқпақ, өздігінен демалатын орын қарастырылған.

Көгалдандыруға көп көңіл бөлінеді. Паркте көгілдір шырша, қарағай, туя секілді әртүрлі 1600-ден астам ағаш пен бұта отырғызылған, тамшылатып суару жүйесі бар. Атап өтсек, саябақта «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи паркі аумағында өсетін өсімдіктер отырғызу, сол жерде мекендейтін жануарлардың мүсіндерін орнату жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда қар барысы мен арқардың мүсіндері қойылған. Сонымен қатар Сиверс алмасының көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр.
Алдағы жоспарларда өзен жағалауы бойымен серуен аймағын салу, қайықпен серуендеуге мүмкіндік жасау, жаяу көзделген.
Сарқан қаласының тұрғыны Айзада Бекетқызы экопарктің туралы өз әсерімен бөлісті:
Бала кезімізде осы үлкен ақ тастарды тамашалау үшін өзен жағасына серуендеуге келетінбіз. Ата-аналарымыз мұнда қонақтарды да ертіп келетін. Бұл тастарға қатысты көптеген аңыздар мен қызықты оқиғалар айтылатын. Олардың тарихы шамамен бір ғасырға жуық дейді. Қазір бұл жердің заман талабына сай абаттандырылып, сонымен қатар табиғи ерекшелігі мен ландшафтының сақталғаны қуантады. Осылайша ерекше, бірегей әрі әсем экопарк пайда болды. Бүгінде бұл – қаламыз тұрғындарының мақтанышына айналған орын, – деді ол.
Атап өтсек, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл Талдықорған және Текелі қалаларында тағы екі экопарк ашылады. Облыс орталығынан 3 шақырым жерде орналасқан, аумағы 38 гектарды құрайтын «Тасбақа» экопаркі қала тұрғындары мен қонақтарының бір күндік демалысына, сондай-ақ демалыс күндерін пайдалы өткізуге қолайлы орын болмақ. Ал аумағы 21 гектар болатын «Серкесай» экопаркі Текелі қаласының маңында орналасқан. Әсем табиғатымен танымал бұл орын белсенді және отбасылық демалысқа өте ыңғайлы.
Жетісу облысында жүзеге асырылып жатқан үш экопарк жобасы табиғи ландшафты сақтауға, жайлы орта қалыптастыруға, тұрғындар демалысының сапасын арттыруға бағытталған.