Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаз Бекет Қуандық қаза тапқан қарулас жолдастарын еске алып, олардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бекет Қуандық әлеуметтік желідегі жазбасында бірге қызмет етіп, бір сапта жүрген сарбаздардан айырылу өзіне ауыр тигенін жеткізді. Оның сөзінше, өзі аман қалғанымен, сол күнгі қайғы-қасірет жүрегінде мәңгі сақталады.
«Қаза тапқан қарулас бауырларымның отбасыларына, туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамын. Бірге қызмет еткен, бір сапта жүрген жігіттерден айырылу – жүрекке ауыр соққы. Мен аман қалғаныммен, сол күнгі қайғы мен қасірет жүрегімде мәңгі қалады. Қасымда болуы тиіс бауырларымның енді арамызда жоқтығы жанымды ауыртады», – деп жазды сарбаз.
Ол қаза тапқан қаруластарының ерлігі мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
«Біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Олар – біздің қаруластарымыз, бауырларымыз. Ерліктері мен жарқын бейнелері жүрегімізде мәңгі сақталады. Жандары жәннатта болсын, бауырларым! Барша біз үшін уайымдап, дұғада болған қазақ елі, сіздерге Алла разы болсын», – деді Бекет Қуандық.
Еске салайық, Каспий теңізінде өткен әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы оқиға болып, әскери қызметшілер қаза тапқан еді. Бекет Қуандық – сол оқиғадан аман қалған сарбаздардың бірі.