$ 447.73
€ 502.98
₽ 5.35

Қонаевта Қала күні тойланды

Редактор
03.10.2026, 09:34
bairaqmedia.kz
bairaqmedia.kz
Мерекелік кеште танымал әншілер өнер көрсетті 

Қонаев қаласының орталық алаңы бұл күні ән мен күйге, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді. Тұрғындар мен қонақтар Қала күнін бірге атап өту үшін алаңға жиналып, мерекелік кештің куәсі болды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Мерекелік шарада жиналған жұртшылықты Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов құттықтады.

«Қаламыз облыс орталығы болғалы жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Бүгінде Қонаевтың келбеті жаңарып, инфрақұрылымы дамып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасуда. Тек биылдың өзінде екі жағажай абаттандырылды. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 16 аумақ абаттандырылуда. «Көшпенділер қалашығына» дейін жол салынды. Шеңгелдіде жолдар жөнделіп, Әуезов көшесінің жолын күрделі жөндеу басталды», – деді қала әкімі.

Асхат Бердіханов қала жетістіктерінің артында ең алдымен тұрғындардың еңбегі тұрғанын атап өтіп, шаһардың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдірді.

«Қаламыздың басты байлығы – адамдар. Осы орайда қала дамуына үлес қосып жүрген ардагерлерге, ұстаздар мен дәрігерлерге, кәсіпкерлерге, құрылысшыларға, коммуналдық сала мамандарына, белсенді азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Қала күні құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке, амандық тілеймін», – деді Асхат Бердіханов.

Мерекелік кештің ең жарқын бөлігі концерттік бағдарлама болды. Орталық сахнада танымал қазақстандық өнер жұлдыздары Бейбіт Қорған, Балжан Бидаш, Али Оқапов, Нұрлан мен Мұрат, Нұрлан Әшімов, Әділ Ахметжан және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.

Әуезді әндер мен көтеріңкі көңіл-күй алаңға жиналған көрерменге ерекше әсер сыйлады. Балалар мен жастардың белсенділігі мерекелік кештің ажарын аша түсті. Тұрғындар болса, бір-біріне ақ тілектерін арнап жатты.

«Бүгін концертті тамашалауға бала-шағамызбен, немерелерімізбен келдік. Өте көңілді өтіп жатыр. Қаламыз күннен-күнге қарыштап, дами берсін. Әр жыл сайын шырайы ашылсын. Қаламызда тек жарқын оқиғалар орын алып, жақсылықтар болсын. Баршаңызға зор денсаулық, сарқылмас қуаныш тілеймін», – деді тұрғын Сарқыт Бақытқызы.

Қала күніне арналған мерекелік бағдарлама бір күндік концертпен шектелмеді. Жалпы мереке аясында 22 түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында мәдени және спорттық жарыстар, танымдық кездесулер, алғашқы құрылысшылармен жүздесу, жастарға арналған кештер және экологиялық акциялар болды.

Кеш соңында орталық аспанды түрлі түсті отшашу жарықтандырып, концерт өз мәресіне жетті.