$ 441.91
€ 499.05
₽ 5.3

Алматыда демеушілер қолдауымен жаңа скверлер мен жаяу жүргіншілер аллеялары салынып жатыр

Редактор
02.10.2026, 19:04
Алматы қаласы әкімдігі
Алматы қаласы әкімдігі
Жаңа скверлер мен аллеялары Бостандық ауданында салынып жатыр 

Бостандық ауданында бір мезгілде бірнеше жаңа сквер, аллея және жүргіншілер аймағы көркейтіліп жатыр. Бұл туралы Бостандық ауданы әкімдігнің өкілдері хабарлады, деп жазды Вairaqmedia.kz.

Серкебаев көшесінде су бұрқағы, көлеңкелі перголалары және жарықтандыру жүйесі бар «Shuaq» аллеясы салынып жатыр. Назарбаев даңғылының бойында, Ганди көшесінен оңтүстікке қарай аумағы 1,5 гектар болатын жаңа сквер бой көтеруде. Мұнда серуендеу бағыттары мен суару жүйесі қарастырылған.

Тағы екі сквер Попов пен Бальзак көшелерінің қиылысында және Абай даңғылы мен 20-шы линия көшесінің қиылысында салынып жатыр. Бағанашыл шағынауданындағы Жәңгір хан көшесінде аумағы 1 гектар болатын сквер пайда болады. Онда спорт аймағы мен серуендеуге арналған жолдар қарастырылған.

Сәтбаев көшесінің Әуезов пен Жароков көшелері аралығындағы ұзындығы 360 метр жүргіншілер аймағын көркейту жұмыстары аяқталуға жақын. Ал Шашкин көшесінің Тимирязевтен Попов көшесіне дейінгі бөлігінде ұзындығы 160 метр болатын аллея жасалып жатыр.

Сонымен қатар Серкебаев көшесінен Жароков көшесіне дейінгі аралықтағы Байқадамов атындағы сквер жаңартылуда. Мұнда жүргіншілер жолдары жөнделіп, жарық шамдары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып жатыр.

Аталған нысандардың басым бөлігін қазан айында аяқтау жоспарланған.