Ауылдағы шағын мектеп. Кей сыныпта бес-алты бала ғана оқиды. Мұндай елді мекендерде әр пәннен білікті маман ұстау оңай емес. Енді осы мәселенің бір шешімі ретінде жасанды интеллект пен қашықтан оқытуды қатар пайдалану ұсынылып отыр. Қазақстанның 10 ауыл мектебінде басталған тәжірибе сәтті шықса, екі жылдан кейін жоба 2,6 мыңға жуық шағын жинақты мектепке таралуы мүмкін, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
1 қыркүйектен бастап Павлодар мен Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу пилоты басталды. Алғашқы кезеңге 4-сыныпта оқитын 50-ден астам бала қатысып отыр. Олар математика, цифрлық сауаттылық, қазақ және орыс тілі пәндері бойынша білім алады. Бұл кәдімгі онлайн сабақтың сәл жетілдірілген түрі ғана емес. Арнайы студиядағы білікті педагог ауыл балаларына тікелей сабақ береді, сыныптағы мұғалім олардың жанында болады. Ал жасанды интеллект оқушылардың тапсырмаларын талдап, қай баланың қай тақырыптан қиналғанын анықтауға көмектеседі.
Жобаны жүзеге асыруға қатысып отырған Q.AI компаниясының бас директоры Дмитрий Мун Қазақстанда 2,6 мыңға жуық шағын жинақты ауыл мектебі барын айтады.
«Астананың білікті мұғалімдері ауыл мектептеріне онлайн форматта тікелей сабақ өткізеді. Сонымен қатар сыныптағы мұғалім балалардың жанында, ал ЖИ оқушылардың жауаптарын талдайды, білімдегі олқылықтар мен әлсіз жақтарды табуға және кімге қосымша көмек қажет екенін айқындауға көмектеседі», дейді ол.
Яғни, мұғалім тек оқушының «дұрыс» немесе «қате» жауап бергенін ғана көрмейді. Жүйе баланың қай тұстан қиналып жүргенін анықтауға көмектесуі тиіс. Бұл мұғалімге келесі жұмысты нақты оқушының қажеттілігіне қарай жоспарлауға мүмкіндік береді.
Бүгінде жоба қағаз жүзіндегі жоспар күйінде тұрған жоқ. Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы №84 негізгі мектеп алғашқы он білім ошағының қатарына кірген. Мектеп директоры Батырхан Есенбековтің айтуынша, қанатқақты жоба басталмас бұрын мұғалімдер Астанаға барып, бір апталық арнайы даярлықтан өткен.
Қазір мектепте аптасына бес сабақ онлайн форматта өтеді: екеуі – математика, екеуі – қазақ тілі, біреуі – цифрлық сауаттылық.
«Пилоттық жобаға қатысты мамандар келіп, мектептегі компьютерлерді, интернеттің жылдамдығын, басқа да қажетті дүниелерді тексеріп кетті. Біз де күнделікті сабақтардың өту барысын қадағалап отырмыз», дейді Батырхан Есенбеков.

Қызылорда облысының алғашқы пилотқа алынуы да кездейсоқ емес. Өңірде шағын жинақты мектептерді тірек мектептермен байланыстырып, онлайн сабақ өткізу тәжірибесі бұрыннан бар. Енді сол қалыптасқан жүйеге жасанды интеллект қосылып отыр.
Мұғалімнің уақыты үнемделеді
Жасанды интеллектінің тағы бір пайдасы – мұғалімнің уақытын үнемдеу. Оны сабақта қолданып жүрген Ақмол ауылындағы мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі Зейнел Едрес ЖИ-ді дайын жауап беретін машина ретінде емес, күнделікті жұмысты жеңілдететін құрал ретінде пайдаланады.
Оның айтуынша, бұрын сабаққа дайындалуға жұмсалатын уақыттың бір бөлігін қазір оқушылармен сөйлесуге, олардың ойын тыңдауға және сабақты мазмұнды етуге жұмсауға мүмкіндік туған.
«Соңғы шешімді бәрібір өзім қабылдаймын. Өйткені ЖИ – менің көмекшім, ал мұғалім – менмін», дейді педагог.
Бұл жаңа модельдің негізгі қағидасымен де сәйкес келеді. Президенттің орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жарлығында технология педагогтің кәсіби қызметіне нұқсан келтірмей және оны алмастырмай, қосымша құрал ретінде пайдаланылуға тиіс екені көрсетілген. Сонымен бірге ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқарту негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленген.
Әзірге бұл жобаның басталғанына небәрі бір ай болды. 2027 жылғы қаңтарда жобаға қатысатын мектептер санын кемінде 50-ге, сәуірде 440-қа жеткізу көзделген. Ал 2028 жылдың шілдесіне қарай елдегі 2,6 мыңға жуық шағын жинақты мектепті қамту жоспарланып отыр.
Егер жасанды интеллект бір баланың біліміндегі олқылықты ертерек байқап, мұғалімге сонымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, ал ауыл оқушысы тұрған жеріне қарамастан білікті педагогтің сабағына қатыса алса, жаңа технологияның мектепке әкелетін нақты пайдасы да осы болмақ.