Хан Ордасы ауылдық мәдениет үйінде Бөкей хандығының 225 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев, өңір аудандары мен көршілес Ресей елінің делегациясы, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, тарихшы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері және жастар қатысты.

Аймақ басшысы мерейтойдың жекелеген өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің тарихына ортақ тағылымына тоқталды.

- Өркениет қалыптастыру ісіндегі жаңашыл бастамалардың арқасында Бөкей ордасы тарихта «тұңғыштар мекені» деген айрықша атауға ие болды. Бұл қасиетті топырақтан ел басқарған хан мен сұлтан, қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен, ақындар мен ағартушылар шықты. Олардың елге сіңірген еңбегі мен өнегелі жолы Бөкей ордасының тарихын тұтас ұлттың рухани қазынасына айналдырды, - деді Нариман Төреғалиев.

Облыс әкімі мерейтойға дайындық жұмыстары 2023 жылдан басталғанын және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шалғайдағы ауданның инфрақұрылымын жақсартуға ерекше назар аударылғанын атап өтті.

- Тарихи мұраны дәріптеу қасиетті мекенде өмір сүріп жатқан халыққа қолайлы жағдай жасаумен де сабақтас болуы тиіс. Бүгінде облыс орталығы мен аудан арасындағы жолға қатқыл жабын төселіп, түйткілді мәселе толық шешілді. Хан Ордасына кіреберіс 21 шақырым жол асфальтталды. Мектеп пен мәдениет үйі күрделі жөнделіп, жаңа спорт кешені салынды. Музей аумағында заманауи визит-орталық пен әкімшілік ғимарат бой көтеріп, кесене жаңғыртылды. Мұның бәрі – қасиетті мекеннің келешегіне салынған инвестиция, өткенімізге тағзым және тарих алдындағы жауапкершілік, - деді аймақ басшысы.

Нариман Төреғалиев танымал театр және кино режиссері, Қазақстанның Халық әртісі, «Жәңгірдің жаңғыруы» деректі фильмінің авторы Талғат Теменовке мазмұнды еңбек үшін өзінің және Жайық жұртшылығы атынан алғыс айтты.

Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени дамуына және тарихи мұраны зерттеу мен насихаттауға қосқан үлесі үшін бір топ азаматқа мерейтойлық медальдар табысталды. Салтанатты рәсім «Ән қонған, күй дарыған – құт Нарын!» атты мерекелік концертке ұласты.