Этнограф Тұрар Сәттарқызы Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында әскерге немесе ұзақ сапарға аттанған адамның амандығын тілеп жасалатын қазақтың ескі ырымдарының бірі туралы айтты, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Ол 1990 жылы туған інісі Кеңес әскері қатарына шақырылып, Воронеж қаласына аттанған кездегі оқиғаны еске алды. Сол кезде анасы өз қолымен шелпек нан пісіріп, оның бір бөлігін баласына жегізіп, қалғанын арнайы қалташаға салып, төрге іліп қойған.
«Неге олай істедіңіз деп сұрағанбыз. Сөйтсек, аман-есен келсін деген ниет екен», – деді этнограф.
Тұрар Сәттарқызының айтуынша, 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, әскердегі жағдай қиындап, тіпті Орталық Азиядан келген жігіттерге тамақ та бермей қойған. Әрқайсысы өз күшімен тәуелсіздік алған елдеріне қайта бастаған. Сол тұста інісі де Қазақстанға азып-тозып оралған. Баласы үйге аман жеткен кезде анасы оған бір жыл бойы сақтап қойған нанның екінші бөлігін берген.
Этнограф мұның қазақ арасында бұрыннан бар ырым екенін айтады. Ұзақ сапарға немесе әскерге кеткен адамның амандығын тілеген отбасы нанның бір бөлігін оған беріп, екінші бөлігін үйде сақтап отырған.
«Әр халықтың жадына ұлттық код болып сіңіп кеткен дүниелер бар. Сол дүниелерден біз ажырамауымыз керек. Жалпы дәстүрдің, ырымның өзі ізгі ниеттен жасалады», – деді Тұрар Сәттарқызы.
Оның сөзінше, бұл ырымның астарында баласын алыс жолға шығарып салған ананың махаббаты мен ақ тілегі жатыр. Нанның жартысын төрге іліп қою – перзентінің амандығын тілеп, жолын күткен ананың үмітінің белгісі.
Тұрар Сәттарқызы Adal Adam youtube арнасына берген сұхбатында осындай ырым-дәстүрлер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, халықтың ұлттық жадында сақталғанын айтып, олардан ажырамау керектігін атап өтті.