2026 жылғы 3 қазанда Көк-Жайлауда Алматы жастары мен студенттерінің қатысуымен ағаш отырғызу жөніндегі экологиялық акция өтті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Бастамаға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, «Kazakh Tourism Development Ltd.» компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев, сондай-ақ бейінді ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Акция аясында қатысушылар 2 000-ға жуық Шренк шыршасын отырғызды.
Экологиялық акция Almaty SuperSki жобасы төңірегінде Алматы жастарымен жүргізілген ашық диалогтың жалғасы болды. Бұған дейін жас алматылықтар жобаны, оның таулы аумақтардың дамуына ықпалын және Көк-Жайлаудың болашағын талқылау жөнінде бастама көтерген болатын. Бірқатар кездесулер барысында студенттер мен жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жоба өкілдерімен талқылауға мүмкіндік алды.

Жастардың экологиялық акцияға қатысуы осы диалогтың нақты іспен жалғасуына айналды. Жас алматылықтар ағаш отырғызуға тікелей қатысып, табиғи аумақты сақтауға өз үлестерін қосты. Акция экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тауға ұқыпты қарауға және жас ұрпақты нақты табиғатты қорғау бастамаларына тартуға бағытталды.
Акцияның маңызды сәттерінің бірі - басшылық пен шақырылған қатысушылардың алғашқы ағашты бірлесіп отырғызуы болды. Одан кейін қатысушылар белгіленген учаскелерге бөлініп, жаппай ағаш отырғызуға кірісті.
«Бүгін болашақ Көк-Жайлау курортының аумағында ағаш отырғызу жөніндегі экологиялық акция өтіп жатыр. Бұл - Алматы мен бүкіл өңірдің туристік дамуына жаңа серпін беріп, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба.

Сонымен қатар туристік инфрақұрылымды дамыту табиғатты сақтауға ерекше назар аудара отырып жүзеге асырылуға тиіс. Біз табиғи ресурстарды жауапкершілікпен пайдалану қағидатын басшылыққа аламыз: алынатын әрбір ағаштың орнына он ағаштан өтемдік отырғызу қамтамасыз етіледі. Бұл ретте туристік кластерді іске асыру аймағындағы Қызыл кітапқа енгізілген бірде-бір ағаш көшірілмейді және алынбайды.
Барлық экологиялық талаптар сақталған жағдайда жобаны іске асыру туризм мен экономиканың дамуын табиғи мұраны сақтаумен ұштастыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Бұл - біз сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге тиіс байлығымыз», - деді Ә. Қуантыров.
Алматы қаласының әкімі Д. Сатыбалды жас алматылықтардың экологиялық бастамаларға қатысуының маңызын атап өтті: «Тау - Алматының ажырамас бөлігі әрі қаланың өзіндік болмысының бір белгісі. Біз үшін жастардың қаланың болашағы мен оның табиғи аумақтарына қатысты мәселелерден шет қалмауы маңызды. Мұндай бастамалар экология туралы сөз қозғап қана қоймай, табиғатты сақтауға бағытталған нақты жұмыстарға тікелей қатысуға мүмкіндік береді».

Ержан Еркінбаев экологиялық іс-шаралар Almaty SuperSki жобасын іске асырудың келесі кезеңдерінен бұрын жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
«Алматы жастарының қаланың, тауларымыздың және Көк-Жайлаудың болашағына өздері қызығушылық танытып отырғаны біз үшін маңызды. Біз бұған дейін бірқатар ашық кездесу өткізіп, жастардың пікірін тыңдап, олардың сұрақтарына жауап бердік. Біздің ұстанымымыз айқын: кез келген даму табиғатқа құрметтен басталуы керек. Сондықтан Almaty SuperSki жобасын іске асырудың келесі кезеңдеріне дейін біз нақты экологиялық қадамдардан бастаймыз. Жаңа ағаштар отырғызу - сондай қадамдардың бірі. Көк-Жайлау Алматының өкпесі болып қала береді», - деді ол.
Акцияға студенттер мен жас алматылықтар, соның ішінде бейінді бағыттарда білім алып жүрген жастар қатысты. Сондай-ақ акцияға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетінің ботаника және агроэкология кафедрасының және басқа да бейінді ғылыми ұйымдардың өкілдері қосылды.