Қазақстанда автомобиль жолдары, теміржол, әуежайлар мен логистикалық бағыттарды қамтитын ауқымды көлік инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр. Үкімет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда берген тапсырмаларын іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін жариялады, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Негізгі мақсат – өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсарту, жол жүру уақытын қысқарту және Қазақстан арқылы өтетін халықаралық жүк тасымалын жеделдету.
Үкімет мәліметінше, 2023–2025 жылдары елімізде 19,1 мың шақырым автомобиль жолы салынып, реконструкцияланып және жөнделген. Биыл тағы 11 мың шақырымнан астам республикалық және жергілікті жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды.
2026 жылдың соңына қарай нормативтік жағдайдағы республикалық жолдардың үлесін 95%-ға, жергілікті жолдарды 92%-ға жеткізу жоспарланған. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткіштер тиісінше 97% және 94%-ға жетуі тиіс.
Жолдардың жаңаруы кей өңірлердегі сапар уақытын айтарлықтай қысқартқан. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын Оралмен байланыстыратын 245 шақырым жол жаңартылды. Соның арқасында 54 мың тұрғын үшін облыс орталығына жету уақыты бұрынғы 12–14 сағаттан 5–6 сағатқа дейін қысқарды.
Теміржол саласында да ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соңғы бес жылда Қазақстанда 911 шақырым жаңа теміржол салынса, қазір тағы 800 шақырым жолдың құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса 2,6 мың шақырымға жуық қолданыстағы теміржол жаңғыртылуда.
Авиация саласында 2026 жылы Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп, Астана, Алматы және Қостанаймен әуе қатынасы қайта жанданды. Қыркүйектегі мәлімет бойынша Қазақстандағы ішкі әуе қатынасы 60-қа жуық бағытты қамтып, аптасына 890 рейс орындалады. Жыл соңына дейін Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлідегі жаңа әуежайлардың құрылысын аяқтау жоспарланған.
Көлік саласын цифрландыру да тасымал уақытын қысқартуға мүмкіндік берген. Транскаспий халықаралық көлік бағытына енгізілген Tez Customs модулі кедендік рәсімдеу уақытын 8 сағаттан 30 минутқа дейін азайтқан. Ал осы бағыт бойынша жүк жеткізу мерзімі бұрынғы 38 тәуліктен 13–17 тәулікке дейін қысқарған.
Үкімет көлік инфрақұрылымын жаңарту мен цифрландыру Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, өңірлер арасындағы байланысты жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.