$ 455.12
€ 498.99
₽ 5.55

Жайылым тапшылығы: қайтарылған жерлер қалай игеріліп жатыр?

Редактор
24.11.2026, 08:01
Вairaqmedia.kz
Вairaqmedia.kz
Қазақстанда пайдаланылмай жатқан миллиондаған гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылып, қайта бөлініп жатыр. Соған қарамастан ауыл тұрғындарын мал жаятын жермен қамтамасыз ету мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Бір өңірде жайылым жетіспесе, енді бірінде шалғайдағы алқаптар су көздері мен инфрақұрылымның жоқтығынан игерілмей отыр. Оның үстіне қолданыстағы жерлердің тозуы мал шаруашылығына қосымша қиындық туғызуда, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz

Миллиондаған гектар жер қайтарылды

Қазақстан жайылымдық жер қоры бойынша әлемдегі ірі мемлекеттердің бірі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде 182,9 миллион гектар жайылымдық жер бар. Мемлекет соңғы жылдары пайдаланылмай жатқан және заң талаптарын бұза отырып игерілген ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстарын жүргізіп келеді. Министрліктің дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері 1,3 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша қайта бөлінген жер көлемі 13,5 миллион гектарға жеткен. Оның 5,5 миллион гектары жергілікті халықтың мал жаюы үшін ортақ пайдалануға берілсе, 8 миллион гектары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге конкурстық негізде ұсынылған.

Сарапшылар жерді қайтару мен оны нақты пайдалану арасында айырмашылық бар екенін айтады. Мәселен, биыл жыл басында бұрынғы Сенат депутаты Сәкен Арубаев Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында бірқатар өңірдегі жайылым тапшылығын көтерген. Оның келтірген деректеріне сәйкес, сол кезеңде Маңғыстау облысында 2,3 миллион гектар, Алматы облысында 758,8 мың гектар, Түркістан облысында 531,1 мың гектар жайылым жетіспеген. Экс-сенатор қайтарылған жерлердің бір бөлігі елді мекендерден шалғай орналасқанын, ал су көздері мен қажетті инфрақұрылымның жоқтығынан оларды толық пайдалану қиын екенін атап өткен.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің қыркүйектегі мәліметіне сәйкес, 2023 жылмен салыстырғанда жайылым тапшылығы 8,4 миллион гектардан 2,4 миллион гектарға дейін қысқарған.

Жайылымдардың тозуы мал шаруашылығына қалай әсер етеді?

Жайылым тапшылығымен қатар, қолданыстағы жерлердің тозуы да алаңдатарлық жағдайға айналған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сәйкес, зерттеу материалдарымен қамтылған 53,5 миллион гектар аумақтың 2,7 миллион гектарында қалпына келтіруді қажет ететін жердің тозуы анықталған. Жердің тозуына табиғи және шаруашылық факторлар әсер етеді. Олардың қатарында құрғақшылық, өсімдік жамылғысының сиреуі, малды бір аумақта шамадан тыс жаю және жайылымдарды кезектестіріп пайдалану жүйесінің сақталмауы бар.

Осы ретте сарапшы Мадияр Қиясов кейінгі 30 жылда табиғи жайылымдардың өнімділігі орта есеппен 30–40 пайызға төмендегенін айтқан. Ғалымның пікірінше, бұған климаттың өзгеруі, жерге түсетін шамадан тыс жүктеме және жайылымдарды басқарудағы кемшіліктер әсер еткен. Жайылымдардың тозуы әсіресе елді мекендердің маңында айқын байқалады. Мал күн сайын бір аумақта жайылған кезде өсімдік жамылғысы қалпына келіп үлгермейді. Соның салдарынан шөп сиреп, топырақтың құнарлылығы төмендейді. Ал шалғайдағы жайылымдарда керісінше жағдай қалыптасқан. Жер болғанымен, су көздері, жолдар және малшыларға қажетті инфрақұрылым жеткіліксіз болғандықтан, оларды пайдалану қиынға соғады.

Жайылымның тозуы экологиялық мәселелерді де күшейтеді. Өсімдік жамылғысы сиреген жерлерде топырақ эрозиясы үдеп, ылғал сақтау қабілеті төмендейді. Мұндай өзгерістер ұзақ мерзімде жердің ауыл шаруашылығына жарамдылығына ықпал етеді. Сондықтан жайылымдарды қорғау тек мал шаруашылығын дамыту үшін емес, жер ресурстарын келешек ұрпаққа сақтап қалу үшін де маңызды.

Жайылым мәселесін шешудің жолы қандай?

Үкімет жайылым тапшылығын азайту үшін пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, оларды қайта бөлу және тозған алқаптарды қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып келеді. 2026 жылғы қазанда өткен республикалық комиссия отырысында үш өңірде жайылымдарды қалпына келтіруге арналған пилоттық жобалар іске асырылатыны хабарланды.

Атап айтқанда, Алматы облысының Райымбек ауданында 9,2 мың гектар, Ақтөбе облысының Хромтау ауданында 17,4 мың гектар және Ақмола облысының Целиноград ауданында 6,6 мың гектар жайылым қамтылмақ. Жалпы аумағы 33 мың гектар болатын бұл учаскелерде жердің өнімділігін қалпына келтіру шаралары қарастырылған.

Жайылым тапшылығын шешудің тағы бір бағыты – жер қатынастарын цифрландыру. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлу электрондық форматқа көшіріледі. Жаңа жүйе конкурстардың ашықтығын арттыруға және жер бөлу рәсімдеріндегі адам факторының ықпалын азайтуға бағытталған. Цифрлық платформаны алдын ала сынақтан өткізу Ақмола және Жетісу облыстарында жоспарланған.

Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов 2026 жылғы қыркүйектегі баспасөз мәслихатында жерді қайтарудың негізгі мақсаты оны тиімді пайдалану және ауыл тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз ету екенін атап өткен. Яғни, қайтарылған гектарлардың жалпы көлемімен қатар, сол жердің тиімді игерілгені де маңызды көрсеткішке айналуға тиіс. Қазақстанда жайылымдық жер қоры ауқымды болғанымен, оны ұтымды бөлу, тозған алқаптарды қалпына келтіру және ауыл тұрғындарының жерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері әлі де өзекті болып отырғаны сондықтан.