$ 455.12
€ 498.99
₽ 5.55

Отставкадан кейін 11 күн өткен соң Дженсен Хуанг қызметіне қайта тағайындалды

Редактор
24.11.2026, 09:12
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Бұл жаңалықтан кейін Nvidia акциялары 31,5 пайызға қымбаттады

Жеке өміріне қатысты жанжалдан кейін қызметінен кеткен америкалық Nvidia компаниясының негізін қалаушы Дженсен Хуанг корпорация басшылығына қайта оралды. Директорлар кеңесі оны президент, бас атқарушы директор және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтеріне бірауыздан қайта тағайындады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz Nvidia компаниясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Компания 23 қарашада ресми мәлімдеме жариялады. Шешім дереу күшіне енген. Директорлар кеңесінің мүшелері шешім қабылдамас бұрын Хуангпен бірнеше рет кездесіп, АҚШ үкіметінің жоғары лауазымды өкілдерінің пікірін ескерген. Нәтижесінде оның қызметіне қайта оралуы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірмейді деген қорытындыға келген.

«Біз Дженсенге толық сенім артамыз», – деді Nvidia директорлар кеңесінің төрағасы Харви Джонс.

Дженсен Хуанг та компания басшылығына қайта оралуына қатысты пікір білдіріп, директорлар кеңесіне, қызметкерлерге, акционерлерге және отбасына алғыс айтты.

Nvidia акциялары күрт қымбаттады

Reuters агенттігінің мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп Хуангтың қызметіне қайта оралуын қолдап, директорлар кеңесінің шешімін құптаған. Бұл жаңалықтан кейін Nvidia акциялары 31,5 пайызға қымбаттап, компанияның нарықтық құны бір күнде шамамен 950 миллиард долларға өсті.

Дженсен Хуанг не үшін қызметінен кеткен еді?

Еске салайық, 12 қарашада Nvidia Дженсен Хуангтың барлық басшылық қызметінен кеткенін ресми жариялаған болатын. Бұған дейін шетелдік БАҚ-та оның Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген кәсіпкер әйелмен жеке қарым-қатынасы туралы ақпарат тараған. Хуанг жұбайына опасыздық жасағанын мойындап, кешірім сұраған. Алайда Хуангтың қызметіне қайта оралуына қарамастан, шетелдік барлау қызметінің ықтимал әрекеттеріне қатысты тәуелсіз тергеу тоқтатылмайды. Компания ұлттық қауіпсіздік пен экспорттық бақылауға жауапты арнайы комитет құрған.