Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттерге қысым көрсету және мәжбүрлі түрде ақша жинау деректері болуы мүмкін. Белгілі адвокат Мейірман Шекеев студенттерден осындай мазмұндағы шағымдар түсіп жатқанын мәлімдеді. Ол оқу орнында жылдар бойы қалыптасқан әлімжеттік жүйесі болуы мүмкін екенін айтып, тәуелсіз тексеру жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Адвокат бұл туралы Instagram әлеуметтік желісіндегі бейнеүндеуінде айтты.
Мейірман Шекеевтің сөзінше, қоғамда «система» және «дедовщина» деп аталатын әлімжеттік бір күнде қалыптаспаған. Оның пайымдауынша, мұндай жағдайларға университет тарапынан дер кезінде тосқауыл қойылмауы қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін.
Адвокат қандай талап қойды?
Мейірман Шекеев Ғылым және жоғары білім министрлігі ҚазҰУ-ға арнайы комиссия жіберуі керек деп есептейді. Оның пікірінше, тексеру жұмыстарының әділ әрі ашық өтуі үшін комиссия құрамына тәуелсіз журналистер, қоғам белсенділері мен депутаттар енгізілуі қажет.
«Университетке тәуелсіз адамдардан құралған комиссия жіберілуі керек. Сонда ғана студенттер шындықты айта алады», – деп жазды адвокат.
Сонымен қатар ол студенттер мен олардың ата-аналарын заңбұзушылықтар туралы ашық айтуға шақырды. Журналистерді де бұл мәселеге бейжай қарамауға үндеді.
Министрлік қандай шара қабылдады?
Айта кетейік, 17 қарашада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ҚазҰУ-да кешенді тексеру жүргізілетінін ресми түрде мәлімдеген болатын.
Ведомство мәліметінше, университетке мониторингтік топ жіберіліп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың өмірі мен денсаулығын қорғау талаптарының сақталуы зерделенеді. Сондай-ақ тәрбие, әлеуметтік-психологиялық және профилактикалық жұмыстардың тиімділігі бағаланады.
Бұдан бөлек, Алматы қаласындағы жатақханаларды тексеру үшін прокуратура, полиция, балалардың құқықтарын қорғау басқармасы өкілдері, психологтар мен қоғам белсенділері қатысатын ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған.
ҚазҰУ-де студенттің қазасына не себеп болды?
Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ жатақханасында география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртай көз жұмды. Марқұмның туыстары оның жоғары курс студенттері тарапынан соққыға жығылғанын мәлімдеген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, бір күдікті ұсталды. Осы оқиғадан кейін университеттің әлеуметтік-тұрақты даму жөніндегі проректоры мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды. Жатақханада кезекшілік атқарған жауапты қызметкерлер де жұмыстан шеттетілді. Бұл туралы университеттің ресми мәлімдемесінде айтылған.
Айта кетейік, осы қайғылы жағдайдан он күн бұрын университет аумағында журналистика факультетінің бірінші курс студенті де қайтыс болған еді.