«Мемлекеттік нышандар» мен «мемлекеттік рәміздердің» айырмашылығы
Айдын Рысбекұлы мемлекеттік рәміздерге қатысты терминдерді дұрыс қолданудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, «нышан» мен «рәміз» сөздерінің мағынасы бір-біріне жақын болғанымен, ресми құжаттарда заңмен бекітілген атауды пайдалану қажет. Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны алғаш рет 1992 жылы бекітілді. Ал 2007 жылғы 4 маусымда қабылданған Конституциялық заң бастапқыда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» деп аталды. 2008 жылғы 4 шілдедегі №56-IV Конституциялық заңмен құжаттың атауындағы және мәтініндегі «нышандары» сөзі «рәміздері» сөзімен ауыстырылды.
«Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігінде «нышан» сөзі белгі, бір нәрсенің бастапқы көрінісі ретінде түсіндірілсе, «рәміз» ұғымы символ мағынасында қолданылады. Сондықтан қолданыстағы Конституциялық заңға сәйкес ресми мәтіндерде «мемлекеттік рәміздер» атауын пайдалану керек. Бұл – заңнамалық термин», – деді Айдын Рысбекұлы. Сарапшының пікірінше, мемлекеттік рәміздерге қатысты атаулардың бірізді қолданылуы құқықтық құжаттарда ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық іс-шараларда да сақталуы тиіс.
Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі және жауапкершілік
Сұхбат барысында маман мемлекеттік рәміздерді пайдалану кезінде заң талаптарын сақтау қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, кейбір спорттық және қоғамдық іс-шараларда Мемлекеттік Тудың бейнесін басқа ұйымдардың рәсіздерімен біріктіріп қолдану жағдайлары кездеседі.
«Мысалы, спорт клубтары жарыс ұйымдастырғанда тудың бір бетіне Қазақстанның Мемлекеттік Туын, ал екінші бетіне өз клубының туын орналастыратын жағдайлар болады. Мұндай әрекеттердің заң талаптарына сәйкестігін тексеру қажет. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі нақты белгіленген және оны бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған», – деді сарапшы.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстарына немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал мемлекеттік рәміздерді дайындау және пайдалану тәртібін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 458-бабында жауапкершілік белгіленген. Бұл ретте рәміздерді пайдалану тәртібін бұзу мен оларды қорлау құқықтық тұрғыдан бірдей әрекет емес. Әрбір нақты жағдайдың мән-жайына қарай құқықтық баға беріледі. Айдын Рысбекұлы азаматтар мен ұйымдарға мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдалану талаптарын кеңінен түсіндіру қажет деп есептейді. Оның пікірінше, заң талаптарын білмеу түрлі құқықбұзушылықтарға себеп болуы мүмкін.
«Рәміздерді насихаттау науқандық сипат алып кеткен»
Сарапшының ерекше назар аударған мәселесі – мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстарының жүйелілігі. Оның айтуынша, бұл бағыттағы іс-шаралар көбіне 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында ғана белсенді ұйымдастырылады.
«Бізде мемлекеттік рәміздерді насихаттау көбіне науқандық сипат алып кеткен. Мектептер, колледждер, университеттер мен түрлі мекемелер мерекелік шаралар өткізеді. Бірақ мұны жүйелі насихат деп айту қиын. Егер көшеде сауалнама жүргізіп, азаматтардан Елтаңбада қандай ұлттық элементтер барын немесе Тудағы күннің қанша шапағы барын сұрасаңыз, екінің бірі жауап бере алмауы мүмкін. Бұл – қоғамдағы рәміздерге қатысты сауаттылықтың жеткіліксіздігін көрсететін мәселе», – деді Айдын Рысбекұлы.
Осыған байланысты сарапшы мемлекеттік деңгейде «Қазақ геральдикасы» тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, мұндай құжат рәміздерді насихаттаудың бірыңғай бағыттарын айқындап, білім беру ұйымдары мен мемлекеттік мекемелердегі түсіндіру жұмыстарын жүйелеуге мүмкіндік берер еді.
«Бізге қазақ геральдикасына қатысты үлкен тұжырымдама қажет. Оның аясында арнайы ережелер бекітіліп, бағдарламалар жасалуы керек. Әйтпесе жыл сайын бір күндік шаралар өткізумен шектелеміз. Мемлекеттік рәміздердің мәнін халыққа тұрақты түрде түсіндіру маңызды», – деді ол.
Айдын Рысбекұлы 2027 жылы Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің алғаш бекітілгеніне 35 жыл толатынын еске салды. Сарапшы бұл тарихи межені қазақ геральдикасын дамытуға және мемлекеттік рәміздер туралы білімді кеңейтуге арналған жұмыстарды жандандыру мүмкіндігі ретінде қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет олардың тарихи мәнін түсінуден, заң талаптарын сақтаудан және ұлттық құндылықтарды саналы түрде бағалаудан басталады. Сондықтан рәміздер туралы білім беру мен түсіндіру жұмыстары тек мерекелік күндерде емес, жыл бойы жүргізілуі тиіс.