$ 455
€ 498.77
₽ 5.56

Тоқаев Айбек Дәдебайды қабылдады: Құрылтайда 18 заң қабылданған

Редактор
23.11.2026, 16:27
Ақорда
Ақорда
«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 12 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілген

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады. Кездесуде Құрылтайдың атқарған жұмысы мен «Әділет» партиясының қызметі талқыланды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Айбек Дәдебайдың мәліметінше, депутаттар осы уақытқа дейін 18 заң қабылдап, тағы 38 заң жобасын қарастырып жатыр.

Қазіргі уақытта жаңа Азаматтық кодекс әзірленуде. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау бағытындағы заңнамалық бастамалар пысықталуда.

Кездесуде 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қабылданғаны да айтылды. Депутаттардың бастамасымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қосымша 47 миллиард теңге қарастырылған. Қаражат жылу, электр, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.

Сондай-ақ қабылданған заңдардың орындалуын бақылау мәселесі көтерілді. Заңнамалық мониторинг жүргізу, құқықтық қайшылықтар мен ықтимал тәуекелдерді анықтау үшін e-Quryltai жүйесі мен жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Халықпен кері байланысты күшейту мәселесіне де назар аударылды. Сессия басталғалы депутаттар әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 111 депутаттық сауал жолдаған.

Айбек Дәдебайдың айтуынша, мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, ЮНИСЕФ-пен балалардың құқықтарын қорғау бағытында ынтымақтастық орнатылған. Сонымен қатар Женевада өткен Парламентаралық одақ алаңында жасанды интеллект негізінде әзірленген AI-Quryltai парламенттік платформасы таныстырылған.

Кездесуде «Әділет» партиясының жұмысы да баяндалды. Партия Үкіметпен бірлесіп, 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі жол картасын әзірлеген. Құжат 303 іс-шараны қамтиды.

Партияның қоғамдық қабылдауына 14 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 8,3 мыңнан астамы оң шешімін тапқан. Ал партиялық бақылау барысында 300-ге жуық әлеуметтік инфрақұрылым нысаны тексеріліп, анықталған кемшіліктердің 80 пайызға жуығы жойылған.

Бұдан бөлек, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 12 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілген.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Құрылтайдың заң шығару қызметі мен партия жұмысының алдағы басымдықтарын талқылады.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау