Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған қандастар құжат рәсімдеу мәселесіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Тарихи Отанына оралып, баспана сатып алған отбасылар визаларының мерзімі аяқталуға жақын қалғанын айтып, алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Қандастардың Президентке жолдаған бейнеүндеуін этникалық қазақтардың елдің солтүстігіне қоныс аударуына көмектесетін «TAUEKEL» ұйымы жариялады. Үндеу жасаған қандастар Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қоныстанған. Олар шетелдегі мал-мүлкін сатып, Қазақстанға көшіп келген. Мұнда баспана сатып алып, шаруашылық жүргізіп, балаларын жергілікті мектептерге орналастырған. Алайда құжаттарын рәсімдей алмай отыр.
«Бәрінің визалары таусылуға шақ тұр. Бәрі бір-бір үй сатып алған, алдарында аз-маз малы, балалары сонда оқиды. Дегенмен, егер жақын арада Үкімет қандастарды құжаттандыру мәселесін біржақты етпесе, бұлардың бәрі кері қайтуға мәжбүр», – делінген ұйымның жазбасында.
Қандастар туындаған қиындықты биыл үш министрлік бірлесіп енгізген пилоттық жобамен байланыстырып отыр. Олар Мемлекет басшысынан азаматтық алу мәселесін шешуге көмектесуді сұрады.
Қандас мәртебесін алу тәртібі қалай өзгерді?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті 2026 жылғы 5 қарашада қандас мәртебесін алудың жаңа тәртібін жариялаған. Оған сәйкес, Қазақстанға қоныс аударғысы келетін этникалық қазақтар:
- Қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын ҚАЗТЕСТ сынағының әр бөлімінен кемінде 70 пайыз жинауы;
- Білімі, еңбек өтілі, кәсіби дағдылары және денсаулық жағдайы бойынша балдық іріктеуден өтуі;
- Арнайы және құқық қорғау органдарының тексеруінен өтуі;
- Сұхбаттасуға қатысуы қажет.
Пилоттық жоба 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.