$ 443.96
€ 487.73
₽ 5.38

«Ұлымды сегіз студент жабылып ұрған»: ҚазҰУ-да көз жұмған жігіттің анасы әділдік талап етті

Редактор
18.11.2026, 10:12
видеодан скрин
видеодан скрин
Анасы мұндай жағдайларға университет басшылығының да жауапкершілігі қарастырылуы керек деп есептейді

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің қазасына қатысты тың мәліметтер жарияланды. Марқұмның анасы Сәуле Ордабаева ұлының өліміне жоғары курс студенттерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтып, оқу орнындағы әлімжеттік пен ақша жинау туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Сәуле Ордабаева ұлымен бейнебайланыс арқылы сөйлескен. Бұл анасы мен баласының соңғы әңгімесі болып шықты. Анасының айтуынша, оқиғаға екінші курста оқитын сегіз студенттің қатысы болуы мүмкін. Ол жоғары курс студенттері бірінші курстың екі жігітін бөлмеге кіргізіп, соққыға жыққанын мәлімдеді.

«Олар сегіз адам болған. Бәрі екінші курстың студенттері. Олар бірінші курстың екі студентін ұстап алып, бөлмеге алып кеткен. Алдымен әлгі жігітті ұрған, содан кейін менің ұлымды соққыға жыға бастаған. Оның үстіне, соққы жүрек тұсына тиген де, балам құлап қалған. Мен кінәлі сегіз адамның бәрінің жазалануын талап етемін», – деді Сәуле Ордабаева.

Марқұмның анасы бұл жайттарды ұлының жанында болған досынан естігенін жеткізді. Оның сөзінше, жас жігіт полиция бөлімінде болған оқиғаны жылап отырып баяндаған. Қаза тапқан студенттің жақындары оның бала кезінен бокспен айналысып, спортпен тұрақты шұғылданғанын айтады. Сондықтан олар жігіттің өліміне қатысты барлық мән-жайдың мұқият тексерілгенін қалайды.

«Ақша жинап, екі қолдап амандасуды талап еткен»

Сәуле Ордабаева университет жатақханасында бірінші курс студенттеріне жоғары курс студенттері тарапынан қысым көрсетілгенін де мәлімдеді. Оның айтуынша, жатақханада «система» деп аталатын бейресми тәртіп болған. Екінші курс студенттері жаңадан түскен жастардан ақша жинап, өздеріне ерекше құрмет көрсетуді талап еткен.

«Университетте «система» деп аталатын тәртіп бар екен. Екінші курс студенттері бірінші курс студенттерінен мәжбүрлеп ақша жинаған. Олармен міндетті түрде екі қолдап амандасып, «сіз» деп сөйлесу керек екен. Сөйтсем, ұлым мұның бәрін түскі ас кезінде немере әпкелеріне айтып берген екен», – деді марқұмның анасы.

Анасы мұндай жағдайларға университет басшылығының да жауапкершілігі қарастырылуы керек деп есептейді.

Университет басшылығында кадрлық өзгерістер болды

Бұған дейін ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болғанын хабарлаған. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталған. Қайғылы жағдайдан кейін университетте қызметтік тергеу басталды. Оның қорытындысы бойынша проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылғаны хабарланды. Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігі оқу орнында студенттердің қауіпсіздігіне қатысты кешенді тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау