Түркістан облысының Асықата ауылында жасөспірімнің аяғы комбайнның орақ бөлігіне қысылып қалды. Оны құтқарушылар арнайы құралдың көмегімен босатты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұл туралы «Азаттық рухы» жазды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқыс оқиға шаруа қожалықтарының бірінде болған. 2009 жылы туған жасөспірім комбайнды жөндеп жатқан кезде аяғы ауыл шаруашылығы техникасының орақ бөлігіне қысылып қалған. Оқиға орнына шақырту түскен бойда құтқарушылар жедел жеткен. Олар арнайы құтқару құралдарын пайдаланып, жасөспірімнің аяғын босатып алған.
«Жасөспірімнің аяғын комбайнның орақ бөлігінен шығару жұмыстары арнайы құтқару құралдарының көмегімен жүргізілді. Зардап шегуші медицина қызметкерлеріне тапсырылды», - деп хабарлады ТЖМ.
Құтқарылған жасөспірім жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылды. Оның қазіргі жағдайы туралы қосымша ақпарат жарияланған жоқ.