Қазақстанда азық-түлік бағасы екінші ай қатарынан аздап төмендеп келеді. Алайда дүкен мен базарға барған тұрғындар барлық өнімнің бірдей арзандамағанын байқауы мүмкін. Әсіресе күн суытқалы кейбір көкөністердің бағасы көтерілген, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz Үкіметтің ресми мәліметіне сілтеме жасап.
24 қазанда жарияланған Үкімет дерегіне сәйкес, соңғы аптада ең көп арзандаған өнім – қант. Оның бағасы 2,4 пайызға төмендеген. Пияз 1,7 пайызға, алма мен сәбіз 0,9 пайызға, күріш 0,5 пайызға, ал қой еті 0,4 пайызға арзандаған.
Нан, макарон, сары май, тұз және шай бағасы өзгеріссіз қалған.
Ал қандай өнімдер қымбаттады?
Күннің суытуымен бірге көкөніс бағасы көтеріле бастаған. Бір апта ішінде қияр 4,6 пайызға, қызанақ пен қырыққабат 3,7 пайызға, картоп 2,4 пайызға қымбаттаған.
Үкімет қыс пен көктемде жылыжай көкөністерінің бағасын тұрақтандыру үшін өндірушілермен арнайы келісім жасасуды жоспарлап отыр.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, елімізде азық-түлік бағасының айлық төмендеу көрсеткіші 0,1 пайыз деңгейінде сақталған. Дегенмен бұл барлық тауар арзандады деген сөз емес.
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 1,8 пайызға өскен. Ал былтыр осы кезеңде өсім 8,3 пайыз болған.
Азық-түлікті қайдан арзанырақ алуға болады?
Бағаны тұрақтандыру үшін өңірлерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін көбейту көзделген. Мұндай жәрмеңкелерде шаруалар өз өнімдерін делдалсыз сатуға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ 17–27 қазан аралығында елімізде Bereke Fest және Republic Day жеңілдік акциялары өтіп жатыр. Оған 649 сауда нысаны қатысып, кейбір күнделікті тұтынатын тауарларға 50 пайызға дейін жеңілдік ұсынуда.
Үкімет өңір әкімдіктеріне тұрғындар жиі сатып алатын азық-түліктің жеткілікті әрі қолжетімді бағамен сатылуын қамтамасыз етуді тапсырды.