Англия құрамасы мен мюнхендік «Баварияның» шабуылшысы Харри Кейн 2026 жылдың үздік футболшысы атанып, мансабында алғаш рет «Алтын доп» жүлдесін жеңіп алды. 33 жастағы футболшы бұл марапатқа қол жеткізу үшін әлемдік футболдың жарық жұлдыздарын артта қалдырды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz UEFA-ға сілтеме жасап.
Марапаттау рәсімі 26 қазанда Лондонда өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Харри Кейн бірінші орынға ие болды. Мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Килиан Мбаппе екінші, ал «Барселонаның» жас жұлдызы Ламин Ямаль үшінші орынға тұрақтады.
Кейннің жеңісіне не себеп болды?
Ағылшын шабуылшысы 2025/2026 жылғы маусымда керемет нәтижеге қол жеткізді. Ол клубы мен ұлттық құрамасы сапында 65 матч өткізіп, қарсыластар қақпасына 73 гол соқты. Оның 61 голы «Бавария» сапындағы 51 кездесуде тіркелсе, тағы 12 голды Англия құрамасы үшін соққан. Кейннің нәтижелі ойыны «Баварияның» Германия чемпионатын, ел кубогын және Суперкубогын жеңіп алуына көмектесті. Сондай-ақ ол Чемпиондар лигасында 14 гол соғып, командасын жартылай финалға дейін жеткізді. Ал 2026 жылғы әлем чемпионатында Кейн алты рет мергендік танытып, Англия құрамасының үшінші орын алуына үлес қосты.
Англия 25 жыл күткен марапат
Харри Кейн соңғы 25 жылда «Алтын допты» жеңіп алған алғашқы ағылшын футболшысы атанды. Бұған дейін бұл жетістікке 2001 жылы Майкл Оуэн қол жеткізген болатын. Осылайша Кейн Англия футболының тарихында аталған беделді марапатты иеленген бесінші ойыншы болды. Лондондағы салтанатты кеште шабуылшы үздік сұрмергенге берілетін Герд Мюллер атындағы жүлдені де алды. Айта кетейік, әйелдер арасындағы «Алтын допты» испаниялық футболшы Алексия Путельяс үшінші рет жеңіп алды. Ал Ламин Ямаль жылдың үздік жас футболшысы атанды.