Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Германияда өткен концертінде тыңдармандарына жаңа авторлық туындыларын таныстырды. Өнерпаз бұл жолы тек әнші ғана емес, композитор әрі музыкалық продюсер ретіндегі қырын да көрсетті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz DimashNews-ке сілтеме жасап.
24 қазанда Германияның Дюссельдорф қаласындағы PSD BANK DOME аренасында Димаштың DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы концерті өтті. Польшада басталған гастрольдік сапардың Германиядағы кезеңінде әнші көрермендерге жаңартылған музыкалық бағдарлама ұсынды. Кештің басты ерекшелігі – орындалған әндердің жартысынан астамының авторы Димаштың өзі болуы. Концерт турдың атауымен аттас DIMENSIONS композициясымен басталып, одан кейін «Somebody Loves You», «Fire» және «Самғау» туындыларымен жалғасты. Әсіресе әншінің қазақ тіліндегі «Жаңа күн», ағылшын тіліндегі «Tell Me Why» және түрік тіліндегі «Yazgi» шығармалары көрермен назарын аударды. Ал «Өмір» әнін Димаш өзінің үш түрлі жас кезеңін бейнелейтін үш дауыспен орындады. Концертте «Ұмытылмас күн», «Give Me Your Love» және «The Story of One Sky» секілді танымал туындылар да шырқалды.
Димаш жанкүйерлеріне тағы бір жаңалығын жеткізді. Өнерпаз қазіргі уақытта жаңа альбом әзірленіп жатқанын хабарлаған. Жинаққа оның автор әрі музыкалық продюсер ретінде қатысқан шығармалары енеді. Германиядағы кеште ерекше сәт те болды. Димаш концерт күні туған күнін атап өткен саунд-продюсері әрі көптен бергі досы Ерлан Бекчуринді сахнаға шақырды. Әнші көрермендермен бірге оған арнап «Happy Birthday to You» әнін орындады.
Димаштың өнері Испанияда қайырымдылық бастамасына ұласты
Әншінің әлемдік туры тек концерттермен шектеліп жатқан жоқ. 30 қазанда Мадридте өтетін шоу қарсаңында оның испаниялық жанкүйерлері игі іс ұйымдастырды. La Gran Voz Kazaja ресми фан-клубының мүшелері есту және көру қабілеті қатар бұзылған адамдарға көмектесетін APASCIDE ұйымының Santa Ángela de la Cruz орталығына 3 мың еуро бөлді. Жанкүйерлердің айтуынша, бұл бастамаға Димаштың қайырымдылыққа үндейтін әрекеттері себеп болған. Олар орталыққа арнайы барып, қызметкерлерімен және ондағы адамдармен кездесті. «Біз сіздердің дауыстарыңыз әрі жүректеріңіз болғымыз келеді», – деді испаниялық жанкүйерлер. Ал орталықтағы адамдар Димаш пен оның жанкүйерлеріне ым тілі арқылы алғыс білдірді.
Осылайша Германиядағы концертінен кейін Димаш Құдайберген әлемдік сапарын Испанияда жалғастырмақ. Әншінің Мадридтегі келесі концерті 30 қазанға жоспарланған.