Денсаулық сақтау және ойын бизнесіне қатысты заңнамаларға өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Құжат аясында бірқатар маңызды нормативтік актілерге, атап айтқанда:
🔹 «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске,
🔹 «Жарнама туралы»,
🔹 «Ойын бизнесі туралы»,
🔹 «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтар:
- Онкологиялық ауруларды ерте анықтауға бағытталған скринингтік зерттеулер енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясынан алынып, мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек көлеміне енгізілді.
-
Сонымен қатар, мүгедектігі жоқ науқастарды есту аппараттарымен қамтамасыз етуге байланысты нормалар бекітілді.
Құмар ойын бизнесіне қатысты өзгерістер:
-
Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды ұялы телефон құрылғылары арқылы жарнамалауға тыйым салынды.
-
Оларды жарнамалау тек спорттық бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ғана рұқсат етілмек.
-
Сонымен қатар, құмар ойындар мен бәс тігуге бұрын сотталған немесе шартты түрде сотталған адамдардың қатысуына тыйым енгізілді.
Заң не үшін қажет?
Бұл өзгерістер халықтың денсаулығын қорғауға, әлеуметтік әділеттілікті арттыруға және құмар ойынға тәуелділікпен күресті күшейтуге бағытталған.
Заң мәтіні баспасөз беттерінде жарияланады.