Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Шымкент қаласында салтанатты іс-шара өтіп, табиғатты қорғау саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандар марапатталды, деп хабарлайды bairaqmedia.
Қоршаған ортаны қорғауға арналған халықаралық күннің басты мақсаты – қоғам назарын экологиялық мәселелерге аударып, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру. Қазақстанда экология мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті дамыту мәселесіне ерекше назар аударып келеді.
Президент бастамашы болған «Таза Қазақстан» жобасы бүгінде қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды насихаттайтын маңызды қоғамдық бастамаға айналды.
Осыған орай ұйымдастырылған іс-шарада сөз сөйлегендер экология мәселесі тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Табиғатты қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Қоршаған ортаның тазалығы мен табиғи ресурстарды сақтау ісінде экологтардың еңбегі ерекше. Бүгінгі марапат – осы сала мамандарының қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға, – деді Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев.
Салтанатты жиында табиғатты қорғау саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп жүрген және ғылым мен өндірісте нәтижелі жұмыс атқарған мамандарға құрмет көрсетілді.
Марапатталғандардың қатарында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің «Экология» кафедрасының меңгерушісі Айсұлу Абдуова да бар. Ғалым қалалық ортаны санациялауға арналған экоконструктивті модульдердің инновациялық технологиясын әзірлеген жобаның авторы ретінде танылған.
Оның бастамасымен қаладағы автобус аялдамаларын көгалдандыру, тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын тігінен көгалдандыру, сондай-ақ экологиялық таза автотұрақтар құру бағытындағы жобалар жүзеге асырылып келеді.
Сонымен қатар экология саласында 1988 жылдан бері еңбек еткен ардагер маман Валентина Лукьянова «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Бұл марапат оның табиғатты қорғау бағытындағы көпжылдық еңбегі мен кәсіби қызметіне көрсетілген жоғары құрмет болды.
Шара барысында қоршаған ортаны қорғау ісіне үлес қосып жүрген мамандардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігі ерекше аталып өтті. Қатысушылар экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаны сақтау мәселелері әрбір азаматтың назарында болуы тиіс екенін жеткізді.
Іс-шара қорытындысында табиғатты қорғау бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз ететін маңызды міндет екені атап өтілді. Экологияны сақтау мен қоршаған ортаға жанашырлық таныту – барша қоғамның ортақ жауапкершілігі екені тағы бір мәрте айтылды.
Айта кетейік, Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні жыл сайын 5 маусымда аталып өтеді және әлемнің көптеген елінде экологиялық бастамаларды қолдау мен табиғатты қорғау мәдениетін насихаттауға арналған іс-шаралар ұйымдастырылады.