Шымкентте сегіз ай бойы өткен «Кітап оқитын ұлт» ауқымды жобасы өз мәресіне жетті. Салтанатты марапаттау рәсіміне шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, кітап оқуды күнделікті өмір салты мен зияткерлік дағдысына айналдырған белсенді тұрғындарды құттықтады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұл әдеби марафон қоғамда жиі айтылатын «қазіргі жастар кітап оқымайды» деген көзқарасты толығымен жоққа шығарды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, байқауға 66 мыңнан астам шымкенттік қатысып, сегіз айдың ішінде жалпы саны 500 мыңнан астам әдеби туындыны парақтаған.
Қатысушылардың басым бөлігі — 26 мыңнан астам мектеп оқушысы мен 18 мыңнан аса студенттер. Сонымен қатар, жобаға 6 мыңнан астам педагог, 15 мыңнан аса отбасы мүшелері мен жүздеген мемлекеттік қызметкерлер тартылды. Әрбір үміткер кемінде 15 кітап оқып, арнайы ұйымдастырылған пікірталас алаңдарында ой бөлісті.
Жоба аясында қоғамның әр түрлі саласын қамтитын бірнеше аталым бойынша үздіктер анықталды. Атап айтқанда «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж» және «Кітап оқитын университет» — білім беру ошақтары арасындағы бәсекесі, «Кітап оқитын педагог» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — кәсіби мамандардың зияткерлік белсенділігі мен «Кітап оқитын әулет» номинациясы отбасылық құндылықтар мен оқу мәдениетін дәріптеуді көздеді.
Қазылар алқасының шешімімен Мемлекеттік қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Әбсәдірова, Бауыржановтар әулеті, ұстаздар Аяжан Байтемір, Иса Шаншар және Гүлнафис Кемерова өз номинацияларында оқ бойы озық шықты. Жастар арасынан Азамат Қанадылаев пен Мирас Мұталов ерекше белсенділік танытты.
Шара барысында сөз алған белгілі әдебиеттанушы, жазушы Құлбек Ергөбек бұл байқаудың ұлттық кодты сақтаудағы маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба халықтың әдебиетке деген шынайы ықыласының қайта оянғанын көрсетті.
Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде үздік шыққан қатысушыларға қомақты ақшалай сыйақылар табыс етілді. Оның ішінде бірінші орынға 1 000 000 теңге, екінші орынға 600 000 теңге және үшінші орын үшін 400 000 теңге берілді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер арасындағы үздіктерге 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі арнайы сертификаттар берілді.
Шымкент қаласында бастау алған бұл бірегей жоба алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын таппақ. Ұйымдастырушылар бұл шараның негізгі мақсаты — кітап оқуды уақытша науқан емес, тұрақты мәдени үрдіске айналдырып, бәсекеге қабілетті, ойлы ұрпақ тәрбиелеу екенін атап өтті.