Үшінші мегаполисте өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және сапалы қосымша біліммен қамтамасыз ету бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Қалалық білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақовтың мәлімдеуінше, Шымкенттегі 273 мың мектеп оқушысының 115 мыңы, яғни 42 пайызы бүгінде қосымша білім үйірмелеріне тартылған, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Оқушыларға арналған сабақтар қала бойынша арнайы ашылған 646 үйірмеде тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Мемлекеттік тапсырыс аясында білім саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдың 1 шілдесінен бастап шаһарда ваучерлік қаржыландыру негізінде бірыңғай мемлекеттік тапсырыстың пилоттық жобасы іске қосылған болатын. Жаңа жүйенің артықшылығы сол – қаржыландыру процесінің мөлдірлігі артып, ата-аналарға балалары үшін үйірмелер мен секцияларды еш кедергісіз, өз қалауы бойынша еркін таңдауға мүмкіндік берілді. Осы бағдарламаның нәтижесінде 28 мыңға жуық бала қосымша білім алуға жолдама алды.
Сонымен қатар, цифрлық бақылау жүйесі бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына тосқауыл қойды. Мәселен, іс жүзінде сабақтарға қатыспаған немесе платформаға қайталап тіркелген 16 мыңнан астам бала арнайы тексерістен кейін жүйеден шығарылды. Сүзгілеу жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттің 2 миллиард теңгеге жуық қаражаты үнемделіп, қазынаға қайтарылды.
Алға қойған межелерді ұлғайту мақсатында қазіргі таңда қаланың 84 мектебінде қосымша үйірмелер мен спорттық секцияларды жүргізетін педагогтарды бюджеттен қосымша қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жоспар іске асса, тағы 50 мың баланы қамтып, жалпы көрсеткішті 60 пайыздан асыруға мүмкіндік тумақ.
Басқарма басшылығы қосымша біліммен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, суицидтің, есірткі қылмысының және деструктивті діни ағымдардың алдын алу мәселесіне ерекше тоқталды. Мектеп қабырғасындағы тәрбие жұмыстарының тиімділігі мен бірыңғай мектеп формасының сақталуы да күн тәртібінен түскен емес.