$ 489.31
 568.33
 6.63

Реформалардың айқын көрінісі деп санаймын – Президент қоғамда жаңа идеялар жаңа тұлғалар пайда болып жатқанын айтты

Редактор
04.06.2026, 16:00
Ақорда
Ақорда
Бүгінде елде жасампаздыққа ұмтылған жаңа буын қалыптасып келеді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның алдағы даму кезеңінде ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту негізгі басымдықтардың бірі болып қала беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Президент қазіргі кезеңде қол жеткізілген нәтижелерге тоқмейілсіп қалмай, жаңа мақсаттарға ұмтылу маңызды екенін атап өтті.

– Алайда бұл әр жетістікке мәз болып, жайбарақат отыратын заман емес. Біз биік мақсаттарға ұмтылып, тек қана алға – жарқын болашаққа қарай жүруіміз керек. Келешекке зор сеніммен қарап, Қазақстанды шын мәнінде өркениетті мемлекетке айналдыруымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде елде жасампаздыққа ұмтылған жаңа буын қалыптасып келеді.

– Қазір біз бір ел болып жасампаздық жолына түстік: қоғамымызда жаңа идеялар, жаңа тұлғалар, отаншыл азаматтардың жаңа буыны пайда болуда. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай игі үрдісті қолдаймын. Мұны ел ішінде жасалып жатқан реформалардың айқын көрінісі деп санаймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың ауызбіршілігін сақтау мен нығайту мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі екенін айтты.

– Халқымыздың ауызбіршілігін нығайту басты мақсатымыз болып қала береді. Бұл – елдің табысты дамуының бірден-бір шарты, тиімді әрі ұзақмерзімді факторы, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент реформалардың бастапқы кезеңінде қоғамдағы белсенді және жауапты күштердің ортақ ұлттық мүдде төңірегіне топтасуы маңызды екенін атап өтті.

– Реформалардың бастапқы кезеңінде еліміздегі көзі ашық және ілгері қоғамдық-саяси күштер жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар аясында бірігуі қажет деп санаймын. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құру, мемлекеттілігімізді нығайту ісінде табысқа жете аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау