$ 458.28
€ 501.45
₽ 5.59

Әр тиынның есебін білетін полиция майоры 20 жылдық тәжірибесімен бөлісті

Редактор
25.11.2026, 16:38
Дереккөз
Дереккөз
Өз ісін сүйіп атқаратын Әлия Қуанышқызы мамандық таңдауда еш қателеспегенін айтады

Ұлттық валюта күні – полиция майоры Әлия Байжанова үшін жай ғана кәсіби мереке емес, өзі таңдаған мамандықтың маңызын тағы бір мәрте сезінетін, жылдар бойғы еңбегіне көз жүгіртетін ерекше күн. Қызмет жолын Ақтөбе облысы полиция департаментінде қарапайым бухгалтер болып бастаған ару бүгінде осы мекемеде Қаржымен қамтамасыз ету басқармасын басқарып отыр, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.

Өз ісін сүйіп атқаратын Әлия Қуанышқызы мамандық таңдауда еш қателеспегенін айтады. Есеп-қисапқа деген қызығушылығы бала кезінен басталса, погон тағуға қызығушылығы жасөспірім кезінен қалыптасқан. Осылайша, бала күнгі екі арманы уақыт өте келе бір мамандықтың аясында тоғысқан.

Ішкі істер органдарының қаржы қызметінде жиырма жылдан астам қызмет етсе де, әлі күнге дейін әрбір қызметкердің, ардагердің заңды материалдық қамтамасыз етілуіне, бюджет қаражатықызметкерлердің шығындарын жабуға жетуіне әлі күнге дейін қатты алаңдайды.

«Әрбір тиынның да есебі бар. Бюджетті дұрыс жоспарлауға, бөлінген қаражаттың орнымен игерілуіне ерекше назар аударамыз. «Ақша – есепті жақсы көреді» деген сөз бекер емес» - дейді Әлия Қуанышқызы.

Әлияның қаржылық білімі оған өмірде де көп көмектеседі. Әсіресе, отбасылық бюджетті жоспарлау, ақша жинау, шығындарды есептеу – оның сеніп тапсырылған міндеті.

«Өмірде шығын кірістен аспау керек деген қағидатты ұстанамын. Яғни, адам өзінің табысына сай өмір сүруі қажет. Несие, қарыз алғанды ұнатпаймын. Балаларымыздың болашағы үшін табысымның 10 пайызын міндетті түрде жинап отырамын. Бұл да біздің отбасымыздың кішігірім қағидаты десе болады» - деп жымияды полиция майоры.

Әлия Байжанованың айтуынша, оны қазіргі жастардың қаржылық сауаттылығы, сондай-ақ қаржы саласындағы жаңашылдықтар ерекше қуантады.

«Жиырма жыл бұрын мен Полиция департаментіне қызметке келгенде жұмыс жағдайлары мүлде басқа болатын. Бүгіндебухгалтерияда барлығы компьютерлендірілген, әрі автоматтандырылған, ІІМ базаларымен біріктірілген, бәрі анық, ашық – бұл өте ыңғайлы» дейді ол.

Тиімді жұмыс жағдайы мен қолайлы жалақы салаға білікті жастарды жұмылдыруға себеп болған. Бүгінде полиция департаментінің Қаржымен қамтамасыз ету басқармасының офицерлік құрамынбілікті жас мамандардан құралған.

«Жастарды үйретіп, олардың нағыз маманға айналғанын көру, мансаптық жоғарылағанының куәсі болу – мен үшін үлкен қуаныш» - деп тұжырымдайды Әлия Қуанышқызы.

Погонды ару жұмыста бір ұжымды басқарып отырған шебер басшы болса, үйде аяулы жар, көпбалалы ана, сүйікті келін. Жиырма жеті жылдан астам ата-енесімен бірге тұрып, ақ батасын алып келе жатқан ол үлкендерді үйдің берекесі, ырыс-қазынасы деп есептейді.

«Қызметімді алаңсыз атқаруым үшін – отбасымның қолдауының маңызы зор. Ата-енемнің қолдауын ерекше сезінемін. Әсіресе, үйдегі бес немересінің тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін де сол кісілер» - дейді ол аса ризашылықпен.

Әлия Қуанышқызының тұңғыш ұлы да анасының жолын қуып есеп саласын таңдаған. Бүгінде ол мектепте математика пәнінің мұғалімі.

«Ана ретінде балаларыма қалай алаңдасам, қарамағымдағы әрбір қызметкерге, оның ішінде жас мамандарға ерекше алаңдаймын. Олардың көңіл-күйі түспеуіне алаңдап, әрқайсысының тілін таба білуге, алаңсыз жұмыс жасауына жағдай жасауға тырысамын. Олардың қуанып жүргенін, жұмысын сүйіп атқарғанын көрсем – менің де көңіл-күйім көтеріліп қалады» дейді басшы.