World Boxing халықаралық федерациясының президенті Геннадий Головкин ұйымның алдағы басты мақсаты Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) толық мойындауына қол жеткізу екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz федерацияның ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық даңқты боксшы бұл туралы Панамада өткен World Boxing конгресінде айтты. Оның сөйлеген сөзінің толық мәтіні 24 қарашада федерацияның ресми сайтында жарияланды. Головкиннің айтуынша, боксты 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайтару жеткіліксіз. Ендігі міндет – спорттың осы түрінің Олимпиададағы орнын ұзақ мерзімге сақтап қалу.
«Біздің келесі басты мақсатымыз – Халықаралық олимпиада комитетінің толық мойындауына қол жеткізу», – деді Геннадий Головкин.
Сондай-ақ федерация басшысы 2027 жылдың сәуір айының соңында 2032 жылы Брисбенде өтетін Олимпиаданың бағдарламасына қатысты маңызды кезең басталатынын атап өтті. Головкин төрешілердің әділдігіне, спортшылардың қауіпсіздігіне және қаржылық ашықтыққа ерекше назар аударылатынын жеткізді. Бұған қоса, World Boxing төрешілердің жұмысын және жарыс нәтижелерін талдау барысында жасанды интеллект технологияларын енгізе бастаған.
Федерацияның 2026–2029 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары төрт негізгі бағытты қамтиды:
Спортшылардың мүддесін бірінші орынға қою;
Адалдық пен әділдікті қамтамасыз ету;
Инновациялық технологияларды енгізу;
Қаржылық тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету.
Сонымен қатар 2027 жылы World Boxing ұйымының жаңа брендтік бейнесін таныстыру жоспарланып отыр. Айта кетейік, 2025 жылдың ақпанында Халықаралық олимпиада комитеті World Boxing ұйымын уақытша мойындаған болатын.