Ақмола облысында Астрахан аудандық мәслихатының төрағасы Мейрам Қожахметтің үйіне жасалған қарулы шабуылға қатысты сот ісі қайта қаралатын болды. Кассациялық сот бұған дейін шығарылған сот актілерінің күшін жойып, қылмыстық істі жаңадан қарауға жіберді. Бұған Бас прокуратураның кассациялық наразылығы себеп болған, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бас прокуратураның 2026 жылғы 24 қарашадағы ресми түсіндірмесіне сәйкес, үш ер адам бұған дейін тонау бабы бойынша сотталған. Алайда ведомство олардың әрекетін қарақшылық ретінде саралау қажет деп есептейді.
Іс материалдарына сәйкес, ер адамдар түнгі уақытта бетперде киіп, тұрғын үйге кірген. Олар үйдегілерге күш қолданып, аңшылық мылтықтың кесілген ұңғысымен қорқытып, ақша мен бағалы заттарды беруді талап еткен. Нәтижесінде 4 миллион теңгеден астам мүлікті иемденген. Жәбірленушілердің бірін байлап, қалған адамдарды жертөлеге қамап қойған.
Бас прокуратураның мәліметінше, жәбірленушілер қарумен қорқытуды өз өмірі мен денсаулығына төнген нақты қауіп ретінде қабылдаған. Сондықтан ведомство олардың әрекетін қарақшылық деп қайта саралауды сұраған.
«Бұл ретте атыстың немесе қарудың жай-күйі туралы мәліметтердің болмауы өздігінен қарақшылық белгілерін жоққа шығармайды», – деп түсіндірді Бас прокуратура.
Осы уәждерді қараған кассациялық сот прокуратураның наразылығын қанағаттандырып, бұрынғы сот актілерінің күшін жойды. Енді қылмыстық іс қайта қаралады.
Ведомство тонау мен қарақшылықты ажырату кезінде тек келтірілген залалға емес, шабуылдың сипатына, қолданылған күшке және жәбірленушіге төнген қауіптің шынайылығына да назар аудару керектігін атап өтті.
Еске сала кетейік, оқиға 2025 жылғы 15 шілдеде болған. Қаскөйлер аудандық мәслихат төрағасының үйіне басып кіріп, ақша, зергерлік бұйымдар мен автокөлікті алып кеткен.