$ 455.12
€ 498.99
₽ 5.55

«Босаңсуға уақыт жоқ»: Бектенов ҚТЖ басшылығына талап қойды

Редактор
24.11.2026, 16:37
Үкімет
Үкімет
Олжас Бектенов жаңа басшылықтың алдында тұрған негізгі міндеттерді де айқындады

Ерсайын Нағаспаев ҚТЖ басшысы ретінде таныстырылды: Бектенов жаңа басшылыққа нақты міндеттер жүктеді

Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ұжымына басқарманың жаңа төрағасы Ерсайын Нағаспаевты таныстырды. Ол бұл қызметке «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешімімен тағайындалды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Үкімет басшысы Ерсайын Нағаспаевтың саладағы мол тәжірибесін, көлік және өнеркәсіп бағыттарын жетік білетінін атап өтті. Ол әр жылдары «Қазақстан темір жолы» компаниясында қызмет атқарған. Ал 2025 жылғы ақпаннан бастап Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарды.

Олжас Бектенов жаңа басшылықтың алдында тұрған негізгі міндеттерді де айқындады. Олардың қатарында:

  • Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін кеңейту;

  • транзиттік тасымал көлемін арттыру;

  • теміржол инфрақұрылымын дамыту;

  • компания жұмысының тиімділігін арттыру;

  • корпоративтік тәртіп пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейту бар.

Премьер-министр кадр саясатын ретке келтіріп, әр қызметкердің міндетін нақты белгілеу қажеттігін де ескертті.

«Бұл – мыңдаған ұжымы және күрделі басқару жүйесі бар ірі компания. Кадр жұмысын ретке келтіріп, әр қызметкер үшін нақты міндеттерді анықтау қажет. Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек. Қызметкерлердің басым бөлігі адал және жауапты адамдар екеніне сенімдімін. Үкіметтің, салалық министрліктің және "Самұрық-Қазына" қорының қолдауымен алға қойылған барлық міндеттерді жүзеге асыруға әлеуеттеріңіз жеткілікті. Босаңсуға уақыт жоқ, қарқынды жұмысқа дереу кірісу қажет», – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы теміржол саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы аяқтаудың маңызын атап өтті.

Атап айтқанда, биыл жыл соңына дейін «Дарбаза – Мақтаарал» және «Мойынты – Қызылжар» теміржол учаскелерінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Ал «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысын келесі жылы аяқтау көзделген.

Бұдан бөлек, отандық локомотивтер мен вагондар өндірісін қолдау, мультимодальды жүк тасымалы жүйесін қалыптастыру, теңіз көлігі инфрақұрылымын дамыту және көлік процестерін цифрландыру міндеттері қойылды.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау