Құрылтай депутаты Аят Сүгірбай компаниялар мен қоғамдық бірлестіктерге қазақтың ру-тайпаларының атауын беруге заң жүзінде тыйым салуды ұсынды. Оның айтуынша, мұндай үрдіс қоғамда рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына және ел ішіндегі алауыздыққа әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Депутаттың мәліметінше, бүгінде Қазақстанда қазақ руларының атымен аталған 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым бар. Олардың басым бөлігі 1996-2005 жылдар аралығында тіркелген.
«Алайда ру – елдік мүддеден, мемлекетшілдік идеясынан жоғары тұратын ұғым емес. Жекелеген кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдарға ру атауларын берудің кеңінен таралуы қоғамда рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына әкеліп соқтыруы мүмкін. Өйткені ру атауын жалаулатқан шаруашылықтың түбі руға бөлінейік деген емес пе?» – деді Аят Сүгірбай.
Оның пікірінше, Әділетті Қазақстанды құру жолында жершілдік пен жүзге бөлінушілікке орын болмауы тиіс.
«Рушылдық тамыр жайған жерде әділ бәсекелестік әлсірейді. Меритократия қағидаты бұзылады. Ортақ мүдденің орнына тар топтық мүдде алға шығады. Мұндайға жол беруге болмайды», – деді депутат.
Сүгірбай қолданыстағы заңнамада ру атауларын пайдалануға тыйым салатын арнайы норманың жоқ екенін атап өтті. Сондай-ақ ол белгілі бір рудың атымен аталған кәсіпорынның қызметіне қатысты айтылған сын сол рудың өкілдеріне де тиіп, руаралық араздықты қоздыруы мүмкін екенін жеткізді.