Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Чилидегі жанкүйерлеріне арнап әлеуметтік желіде жазба жариялады. Өнер иесі алдағы кездесуге дайындалып жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Димаш Instagram парақшасында бейнежазба бөлісіп, жергілікті жанкүйерлеріне ағылшын тілінде сәлем жолдаған.
«Сәлем, Чили! Үш сағаттан кейін кездесеміз», – деп жазды әнші.
DimashNews ресми порталының мәліметінше, Димаш Құдайберген 23 қарашада Чилиге алғаш рет барды. Сантьяго халықаралық әуежайында әншіні жергілікті жанкүйерлері ерекше ықыласпен қарсы алды. Тіпті ұшақ қонғаннан кейін әуе кемесінің капитаны қазақстандық өнер иесі мен оның командасына арнайы құттықтау сөзін арнаған.
Димаштың Чилидегі алғашқы жеке концерті «DiMENSIONS» әлемдік турнесі аясында 24 қарашаға жоспарланған. Концерт билеттері әнші елге келмей тұрып-ақ толық сатылып кеткен.