$ 458.28
€ 501.45
₽ 5.59

«Жеңілдікпен алынған тауар қайтарылмайды»: Сатушылардың бұл талабы заңды ма?

Редактор
25.11.2026, 09:40
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Егер сатушыда айырбастауға қажетті тауар болмаса, тұтынушы төленген ақшаны қайтаруды талап ете алады

Қазақстанда жеңілдікпен сатып алынған тауарды қайтаруға немесе айырбастауға болады. Бағаның төмендетілуі тұтынушының заңмен бекітілген құқықтарын шектемейді. Сатушының тауар жеңілдікпен сатылғанын алға тартып, заңды талапты орындаудан бас тартуына негіз жоқ, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңына сәйкес, сатып алушы сапалы азық-түлікке жатпайтын тауарды өлшемі, түсі, пішіні немесе басқа да сипаттамалары сәйкес келмеген жағдайда 14 күн ішінде айырбастауға құқылы. Ол үшін тауар пайдаланылмаған, бастапқы қалпы, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары мен жапсырмалары сақталған болуы қажет.

Егер сатушыда айырбастауға қажетті тауар болмаса, тұтынушы төленген ақшаны қайтаруды талап ете алады. Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің түсіндіруінше, сатушының «жеңілдікпен сатылған тауар қайтарылмайды және айырбасталмайды» деген талабы заңда белгіленген ерекшеліктерге жатпайтын тауарларға қатысты жарамсыз болып саналады.

Сонымен қатар 14 күндік мерзім тауар тұтынушының қолына тиген сәттен бастап есептеледі. Яғни интернет арқылы тапсырыс берілген тауардың жеткізілуіне кеткен уақыт бұл мерзімге кірмейді. Алайда тиісті сападағы кейбір тауарлар қайтаруға немесе айырбастауға жатпайды. Олардың қатарында дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, іш киімдер, шұлық бұйымдары, өсімдіктер мен жануарлар, метрлеп сатылатын тауарлар және ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары бар.

Егер сатушы тауарды қабылдаудан негізсіз бас тартса, тұтынушы жазбаша шағым түсіре алады. Сатушы оған 10 күнтізбелік күн ішінде жауап беруге міндетті. Мәселе шешілмеген жағдайда тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне немесе сотқа жүгінуге болады. Сатып алу кезінде берілген түбіртекті сақтау маңызды. Дегенмен чектің болмауы тауарды қайтару құқығынан айырмайды. Сатып алу фактісін басқа құжаттармен, фото және бейнематериалдармен немесе куәгерлердің айғақтарымен де растауға болады.