Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Әйке ауылында 2024 жылғы су тасқынынан кейін бұзылған көпірдің орнына жаңа өткел салынып, оған апаратын жолдар толық жөнделді. Нәтижесінде ауыл тұрғындары үшін маңызды көлік қатынасы қалпына келтірілді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Бұған дейін ауылда 60 жыл бойы пайдаланылған ескі көпір 2024 жылғы су тасқыны кезінде шайылып кеткен-ді. Оның орнына ұзындығы 58,2 метрлік жаңа көпір салынды. Сонымен қатар көпірдің екі жағындағы жалпы ұзындығы 1 шақырым жолға асфальт төселді.
Жоба қаржыландыру республикалық және облыстық бюджет есебінен жүргізілді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары толық аяқталды.
Көпірмен қатар, оған қатынайтын жолдардың жағдайына да басымдық берілді. Атап айтқанда, Ы. Алтынсарин көшесі мен Әйке көшесін жалғайтын 800 метр жол жөнделді. Бұдан бөлек, биыл Тереңсай ауылындағы аттас көшеге де асфальт жабындысы төселді.
Осылайша, Әйке және Тереңсай ауылдарында жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс аяқталды. Жаңа көпір мен жөнделген жолдар тұрғындардың қауіпсіз қатынауына, елді мекендер арасындағы көлік байланысының жақсаруына мүмкіндік береді.