$ 454.31
 528.04
 5.25

«Әр дінге құрметпен қараймын: Баян Алагөзова көпшіліктен кешірім сұрады

Редактор
09.09.2026, 09:49
әлеуметтік желіден
әлеуметтік желіден
Баян Алагөзова өзін «діндарлардың сезімін қорлады» деп айыптағандарға да жауап берді

Продюсер Баян Алагөзова діни фанатизм туралы бұған дейінгі жазбасы қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін тағы бір мәлімдеме жасады. Ол сөздері діндарлардың көңіліне тигені үшін кешірім сұрап, өзінің дінге емес, радикализм мен діни көзқарасты мәжбүрлеп таңуға қарсы екенін айтты, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Продюсердің сөзінше, алғашқы жазбасы қоғамда қызу пікірталас туғызғандықтан, ол өз ойын тағы бір мәрте нақтылауды жөн көрген.

«Діни фанатизм тақырыбындағы жазбам қоғамымызды қатты дүрліктіргені сонша, жалғасын жазуға тура келді. Менің сөздерім діндарлардың көңіліне тиді. Сол үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Өзгеге зиянын тигізбеген жағдайда әр адамға және әр дінге құрметпен қараймын», – деп жазды ол.

Баян Алагөзова өзін «діндарлардың сезімін қорлады» деп айыптағандарға да жауап берді. Оның айтуынша, жазбасындағы сын діннің өзіне емес, қазақ халқына жат деп санайтын қағидаларды күштеп таңуға, сондай-ақ радикалды және фанаттық насихатқа бағытталған.

Продюсер әсіресе әйелдер мен қыздардың құқығына қатысты мәселелерді көтеріп, ерте некеге тұру, білім мен медициналық көмек алуды шектеу, әйелге күш көрсету және оның еркіндігін шектеу секілді әрекеттерге үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді.

«Қызыңыз немесе сіңліңіз жеке тұлға емес, біреудің қосымшасы болғанын қалайсыз ба? Оның рұқсатсыз қоғам алдына шыға алмауын немесе сөйлей алмауын қалайсыз ба? Өзін және балаларын қарапайым түрде қорғай алмауын қалайсыз ба? Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын!» – деді продюсер.

Баян Алагөзова өзінің басты ұстанымдарының бірі – ұлттық мәдени кодты сақтау екенін де атап өтті. Ол ата-баба мұрасы, ұлттық тамыр мен дәстүрді бәрінен жоғары қоятынын мәлімдеді.

«Мен әрқашан біздің ұлттық мәдени кодымызды қолдадым және қолдай беремін. Тамырымнан, ата-бабамнан және дәстүрімнен ештеңені жоғары қоймаймын. Бұл – менің таңдауым және менің жолым. Мен зайырлылықты қолдаймын. Ал сіз ше?» – деп түйіндеді Баян Алагөзова.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау