Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың марқұм нағашы ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың көзі тірісінде берген жауабы оқылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Тергеу барысында Нұрқанат Ғайыпбаевтан алынған жауапты прокурор Дана Сәрсенбай оқып берді.
«Мен Нұрболмен қайтадан сөйлестім. Оған «Мынаны ушықтырмай-ақ қояйық, бәрін істеп беремін» дедім. Сол кезде Нұрбол «Бауырым, кешірім сұрап тұрсың ғой» деп, сол жерде тоқтады. Осылай сөйлесіп тұрған кезде қызыл түсті Hyundai Accent көлігі келіп тоқтады, артынан қара Mercedes «кабан» көлігі де келді. Сол көліктерден бірнеше жігіт шықты. Hyundai Accent көлігінен 3-4 жігіт, ал Mercedes-тен Абзал, Нұркияс, Шыңғыс және тағы бір жігіт пен екі қыз шықты», – деді ол.
Оның айтуынша, ең бірінші Нұрқияс келіп, олар бір-бірімен амандасқан.
«Сосын мен дүкен жаққа беттедім. Сол кезде Hyundai Accent көлігінен шыққан Чика есімді жігіт амандасты. Мен оған: «Сенің түрің таныс қой» дедім. Ол «Мен шалмын ғой» деді. Мен «Сенің жасың отыздар шамасында шығар» дедім. Ол күліп, дүкенге бет алды да, есікті ашып тұрып, артындағыларға: «Делайте!» деді де, ішке кіріп кетті. Сол сәтте бәрі мен жаққа қарай жылжыды. Мен Нұркиястың Ахмет есімді баланы жұдырықпен ұрғанын көрдім. Бала құлап, басын бетонға ұрып, есінен танды. Абзал оны жағасынан көтеріп жатқанда мен оны тоқтатып: «Бала ғой, не үшін ұрып жатырсың?» дедім де, Ахметке: «Қаш!» дедім. Ол жолдың арғы бетіне қарай қашып кетті», – деді Шерзаттың ағасы.
Сол сәтте, оның айтуынша, оған да шабуыл жасалған.
«Нұрқияс мені жұдырықпен ұрды. Сол кезде мен оның соққысын өткізіп жіберіп, оны кеудесінен бір ұрдым. Осы кезде дүкен ішінен шықпақ болған ағам Қаржаубай шыға алмай тұрады. Есікті қыздардың бірі аяғымен тіреп тұрғанын көрдім. Екінші қыз Mercedes көлігінің жанында болды. Сол кезде пышақ шығып бастады. Яғни, Mercedes көлігімен келген қыздың біреуі автокөліктен пышақтарды беріп тұрды. Бірінші Нұрқиястың қолына келді. Мен оларға «Е, жігіттер бір-бірімізге неғылмай, нормально шешейік. Болды, жігіттер, қойыңдаршы» деп айттым. Себебі, пышақ көрген соң қорықтым. Нұрқияс маған екі рет пышақпен сермеді, бірақ мен оны өткізіп, оны иегінен бір ұрдым, ол жерге құлап түсті. Сол сәтте оның артында тұрған Абзал маған қарай жүрді», – деді Нұрқанат Ғайыпбаев.
Сол сәтте ол Шерзаттың қайдан пайда болғанын байқамай қалғанын айтты.
«Ол Абзалды ұрып жіберді. Абзал кейін шегінді. Сол сәтте мен жаққа қарай он шақты жігіт жүгіріп келе жатты. Мен кейін шегінгенімде, Шерзат мені құшақтап: «Қашайықшы, Нұрқанат аға» деп айтты. Мен оған «Сен қаша бер, ақырындап, мен амалдаймын сол жерде» деп, мені құшақтап тұрған Шерзаттың қолын аштым. Сол кезде төбелес басталды. Мен барынша олармен алыстым. Осы кезде 10-15 метр жерде жүгіріп бара жатып, Шерзат айғайлады «Нұрқанат аға, мыналар маған бірдеңе тығып алды» деп үш рет айқайлады. Мен жігіттерден қашып жүріп, оның қасына барып, Шерзатты құшақтадым. Кофтасын көтеріп қарадым, сол кезде сол жақ арқа тұсынан пышақ кіргенін көрдім. Пневматорокс болмас үшін, жарақатты алақаныммен жаптым. Сол жерде айғайлап «Е, жігіттер, тоқтаңдаршы, скорый шақырыңдаршы!» деп айқайладым, – деді нағашысы.
Сол сәтте оның айтуынша, оларға қарай сегіз жігіт жақындаған.
«Кім болғанын айта алмаймын – қараңғы болатын. Мен Шерзатты денеммен жауып, қорғауға тырыстым. Сол кезде келгендер бізді ұрып, теуіп, бір-бірімізден ажыратуға тырысты. Сол сәтте Абзал менің оң жақ жамбасымнан пышақпен ұрды. Шыдадым. Кейін Нұрқияс та жамбасымнан пышақтады. Осы кезде Абзал үшінші рет пышақ сұқты. Біреу мені басымнан тапты, екіншісі құлақ тұсынан темір тәрізді нәрсемен ұрды. Мен есімді жоғалтып, Шерзатты босатып жібердім. Кейін ағамның әйелі Гүлбара келіп, Шерзатты қорғауға тырысты. Одан кейін не болғаны есімде жоқ – есімді ауруханада жидым», – деді Нұрқанат Ғайыпбаев.
Еске сала кетсек, Нұрқанат Ғайыпбаевтың атап кеткен екі қыздан кеше жауап алынған болатын. Қылмыстық іс бойынша олар куәгер ретінде танылды. Олардың бірі Эльмира Нұрбекованың сөздеріне прокурор күмән келтірген еді.