Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Франция Республикасына мемлекеттік сапары салтанатты қарсы алу рәсімінен басталды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.


Париж әуежайында Қазақстан Президентін Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро қарсы алды.

Мемлекет басшысын әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Президент Эмманюэль Макрон қарсы алды. Қазақстан мен Францияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды.


Президенттер республикалық гвардия, әуе-ғарыш, құрлық және теңіз әскерлерінен жасақталған Құрмет қарауылының алдынан жүріп өтті. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары Құрмет қарауылының салтанатты шеруін тамашалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон бір-біріне ресми делегация мүшелерін және құрметті қонақтарды таныстырды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Елисей сарайының орталық кіреберісінен Президент Эмманюэль Макрон күтіп алды.


Мемлекет басшысы Франция Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Франция тарапының қазақ делегациясын ыстық ықыласпен қарсы алғанын атап өтіп, Эмманюэль Макронға алғыс айтты.