Қазақстанда 16 жыл бұрын тергеу судьясы институтының негізі қаланған. Елімізде сот санкция бермейінше, ешбір азамат тексерілмейді.


Қазақстанда 16 жыл бұрын тергеу судьясы институтының негізі қаланған. Алғашқы жылы тергеу судьяларының бір ғана өкілеттігі болса, қазіргі таңда оның саны 18-ге жеткен, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Нұрлан Нұралин айтты.

«2008 жылы Қазақстанда аса маңызды құқықтық механизм іске қосылды. Біз тұтқынға алуды жүзеге асыру үшін соттың санкция беру талабын енгізу жайлы айтып отырмыз. Оған дейін ондай санкцияны прокурор беретін еді. Сондықтан да бұл құқықтық норма енгізілерде көп дау болды. Осылайша 16 жыл бұрын тергеу судьясы институты өмірге келді», — дейді Нұрлан Нұралин.

Сондай-ақ, судья Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 54-ші бабына сай бүгінгі таңда тергеу судьясының 18 түрлі өкілеттігі барын атап өтті. 

«Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында тергеу судьясына күзетпен ұстауды санкциялау, үйқамақты санкциялау, лауазымынан уақытша шеттетуді санкциялау, жақындауға тыйым салуды санкциялау, экстрадициялық қамақты санкциялау, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу мерзімдерін ұзартуды санкциялау, күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту, кепіл қолдануды санкциялау, мүлікке тыйым салуды санкциялау, қарап-тексеруді санкциялау, тінтуді санкциялау, жеке тінтуді санкциялау, мәжбүрлеп куәландыруды санкциялау және т. б. өкілеттіктер берілген. Бұлардың бәрі азаматтың конституциялық құқығын қорғауға бағытталған. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстанда қылмыстық-қудалау органының өкілі ел азаматына тиісті санкциясыз тексеру жүргізе алмайды», — деді судья.

Сондай-ақ, ол тергеу судьясының алдын ала тергеу барысына қатысуы адам құқығының сақталуына кепіл болатынын атап өтті.