Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-директорынан 2 млрд теңге залал өндірілді
Атырау соты мұнай өңдеу зауытының экс-директорын ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп таныды.
Атырау соты мұнай өңдеу зауытының экс-директорын ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп таныды. Алайда, аталған құжаттың 71-бабының 1-бөлігі негізінде ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатты, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Атырау қаласындағы № 2 сотында «АМӨЗ» ЖШС-нің бұрынғы бас директорына қатысты қылмыстық іс қаралды, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Экс-директорға ҚР Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігімен айып тағылған.
Сот ісінің материалына қарағанда, экс-директор бірнеше кемшілікке жол берген. Біріншіден, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлға бола тұра, жүйелердің тиімді жұмыс істеуін, екіншіден, өндірістік мәселелер бойынша шешімдер қабылдау жөніндегі заң және кәсіпорын жарғысы талаптарының орындалуын қамтамасыз етпеген. Үшіншіден, мердігер-ЖШС кепілдік міндеттемелері шеңберінде жылу алмастырғышты жөндеуге шаралар қабылдау мүмкіндігіне ие бола тұра, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сатып алу туралы тендер жариялаған. Соның нәтижесінде жылу алмастырғышты жөндеуге шамамен 2 млрд теңге негізсіз бөлінген.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 11-бабының 2-бөлігіне сәйкес, 371-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыс болып табылады. Ал, 71-бабының 1-бөлігіне сәйкес, егер онша ауыр емес қылмыс жасалған күннен бастап екі жыл өтсе, тұлға қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Қылмыстық жауапкершілікке тартудың мерзімі өтіп кеткен. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Ол 71-баптың 1-бөлігі негізінде ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды», — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, экс-директордан мемлекет пайдасына шамамен 2 млрд теңге залал өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.