Қаржы министрі Мәди Такиев Мәжіліс отырысынан кейін журналистердің сұрағына берген жауабында құны 74 млн теңгеден асатын актив иеленген азаматтар неге декларация тапсыруға міндеттелетінін түсіндірді.


Қаржы министрі Мәди Такиев Мәжіліс отырысынан кейін журналистердің сұрағына берген жауабында құны 74 млн теңгеден асатын актив иеленген азаматтар неге декларация тапсыруға міндеттелетінін түсіндірді, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

«Мысалы мен 80 млн теңгенің үйін ипотекаға алдым дейік. Оның 40 млн теңгесін өзім салып, қалғанын банктен несиеге алсам, декларациядан босатылам ба?» - деп сұрады журналист.

Министр мұндай операцияларда мәміленің ақтық сомасы ескерілетінін айтты, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Мұндай жағдайда сіз де декларация тапсырасыз. Декларация тапсырғанда екі көзді көрсетесіз: 40 млн теңге өз қаражатыңыз, қалған 40 млн теңге «Отбасы банктен» алынған қарыз деп. Қарыз болса да қарамайды. Сіз айтып тұрған 74 млн теңге 20 мың айлық есептік көрсеткішті білдіреді. Неліктен бұл соманы алдық? Бізде жалпы есеп болған, біз енді Қазақстанда 1991 жылдан бастап орташа жалақымен қанша ақша жинауға болады деген рұқсат қойылған. Сол межемен алғанда бүгін осы сомаға жетіп қалдық», - деді Мәди Такиев.

Бұған дейін ол Қазақстанда немесе шетелде өзіндік құны 20 000 АЕК-тен (74 млн теңге) асатын мүлік сатып алғандарға 270-нысанын тапсыру міндетті болатынын айтқан еді.