Сербияның екі азаматы Қазақстан алдындағы ерекше еңбектері үшін «Достық» орденімен марапатталды


Қазақстан Президентінің Белградқа ресми сапары аясында Сербия азаматтары Лазар Коич пен Драгомир Каричті марапаттау рәсімі өтті. Олар Қазақстан Республикасының алдындағы ерекше еңбектері үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Осы жоғары марапатты Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин табыстады, деп хабарлайды Kazinform Ақордаға сілтеме жасап.

Лазар Коич – Қазақстанда жаңа жүгері сорттарын өсіру бойынша ғылыми жобаның жетекшісі. Ол елдегі жүгері селекциясы мен тұқым шаруашылығы бағдарламасының бас селекционері. Оның жұмысының арқасында Қазақстанда 18 бірлескен қазақстандық-сербтік жүгері гибриді жасалды. Соның нәтижесінде Қазақстан осы дақылдың тұқымын импорттауды алмастырып, тұқымдық материалды сырттан алудағы тәуелділіктен арылды. Лазар Коич еңбек ететін кәсіпорын жыл сайын ішкі нарықтың 85%-ын қамтамасыз ететін бірінші жүгері тұқымын өндіреді. Тұқым белгілі бір мөлшерде Қырғызстан мен Ресейге де экспортталады.

Лазар Коич
Фото: Ақорда

Драгомир Карич – көпсалалы холдингтің тең құрылтайшысы, Қазақстан мен Сербия арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға, саяси диалог пен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосты. Сербияның Халықтық жиналысындағы Қазақстанмен достық депутаттық тобының төрағасы бола отырып, екі ел арасындағы парламенттік байланыстардың дамуына серпін беріп, Қазақстанның жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етті. Сондай-ақ Драгомир Карич Сербия аумағында әртүрлі мәдени іс-шараларды, соның ішінде қазақстандық әртістер мен шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламаларын ұйымдастырып келеді.

Драгомир Карич
Фото: Акорда