Атырау-Алматы бағытындағы жолаушылар пойызы шұғыл тоқтаls
«Атырау-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызы шұғыл тоқтауға мәжбүр болды.
Атыраудан Алматы қаласына бара жатқан жолаушылар пойызының вагонынан ақау анықталды. Соған байланысты пойыз шұғыл тоқтатылды, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
«Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның мәліметінше, оқиға 20 қараша күні күндізгі сағат 14:34–те «Арал Теңіз–Қазалы» учаскесінде болған.
Мұнайлы өңірден жолға шыққан № 42 «Атырау-Алматы» жолаушылар пойызы техникалық вагондағы ақауға байланысты шұғыл тоқтаған. Мамандар вагонның жағдайын тексеру жұмыстарын жүргізген.
— Пойыздарға қызмет көрсету «Patentes Talgo» компаниясына жүктелген. Жолаушылар тамақ және ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Жолаушылар пойызының келесі стансаға дейінгі қозғалысы ұйымдастырылып, Қазалы стансасына сағат 18:12–де келген. Жолаушыларды тасымалдау үшін стандартты вагондары «Қазалы-Алматы-2» бір реттік пойыз шығарылған. Пойызды кешкі сағат 21:00–де жүретіні жоспарланған. Бұл пойыз Алматыға 21 қарашада жетеді, — делінген хабарламада.