Дәрігердің салғырттығынан аяғынан айырылды
Дәрігердің салғырттығынан БҚО тұрғыны аяғынан айырылды.
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек аудандық сотында ҚР ҚК 317-бабы 2-бөлігіне (медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы) сәйкес қылмыстық іс қаралды, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, сотталушы Жәнібек аудандық ауруханасында хирург дәрігер қызметін атқарып жүріп, кәсіби міндеттерін тиісінше орындамаған.
Дәрігер 2023 жылы 25 қазан күні шамамен сағат 18.25-те аяғынан өндірістік жарақат алып, ауруханаға жеткізілген науқасқа салғырт қараған. Атап айтқанда, науқастың аяғындағы жараны антисептиктермен өңдеп, некрозданған (өлі еттенген) тіндерін, жара шеттерін кеспестен тұйық тігіп тастаған. Салдарынан қанды ірің сыртқа шықпай, тігілген жараға дренаж салынбаған. Сосын жарада ісіну сұйықтығы жиналып, ол тіндердің қысылуына әкеліп, инфекцияның пайда болуына әсер еткен.
2024 жылғы 10 қарашада жәбірленушінің жарақат алған оң жақ аяғына ампутация жасалған. Осылайша, оның денсаулығына ауыр зиян келтірілген.
«Жәбірленуші өзіне келтірілген мүліктік залалдың сотталушымен өтелгенін, медиация тәртібімен татуласқанын, оған кешірім беретінін айтып, қылмыстық істі тоқтату туралы арызын берген. Сот қылмыстық іс материалдарын зерттеп, оларға баға бере отырып, сотталушының тарапынан жасалған қылмыстық әрекет ҚР ҚК 11-бабының 2-бөлігіне сәйкес онша ауыр емес қылмыстар санатына жататынын ескерді. Сотталушы ҚР ҚК 317-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағанымен, жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты ҚР ҚК 68-бабының 1-бөлігі негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс тоқтатылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ», деп хабарлады ведомстводан.