$ 451.87
€ 507.31
₽ 5.53

Орталық Азияда алғаш рет: Астанада Ақаба процесінің тарихи саммиті өтіп жатыр

Редактор
06.11.2026, 14:09
ақорда
ақорда
Ақаба процесі – 2015 жылы Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейннің бастамасымен құрылған халықаралық алаң

Астанада «Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік» тақырыбына арналған Ақаба процесінің саммиті өтіп жатыр. Халықаралық жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен бірқатар мемлекет басшылары қатысуда, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Саммитке Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев келген. Сондай-ақ жиынға Әзербайжан Ұлттық жиналысының спикері Сахиба Гафарова, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев және басқа да ресми тұлғалар қатысып жатыр.

Ақорданың мәліметінше, саммит жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған. Халықаралық алаңның негізгі мақсаты – мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ортақ қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылды үйлестіру.

Ақаба процесі – 2015 жылы Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейннің бастамасымен құрылған халықаралық алаң. Оның басты бағыты – терроризм мен зорлықшыл экстремизмге қарсы күресте елдердің күш-жігерін біріктіру. Аталған бастама аясында мемлекет басшылары, арнайы қызметтер мен қорғаныс ведомстволарының жетекшілері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері бас қосады.

Астанадағы саммитте осы ынтымақтастық шеңберінде жасанды интеллект қауіпсіздігі мәселелері қарастырылып жатыр. Ақорданың 5 қарашадағы ресми хабарламасында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саммиттің Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өткен. Президенттің айтуынша, жиын өңір елдерінің қауіпсіздік мәселелеріндегі ортақ ұстанымын білдіруге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау