Астанада егде жастағы ер адам мен оған араша түскен әйелге шабуыл жасалды. Полиция күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz Астана қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тараған. Кадрлардан ер адамның тұрғын үйдің кіреберісінен шығып, орындықта отырған қарияны ұрғанын көруге болады. Осы сәтте оған араша түсуге тырысқан әйелдің соңынан күдікті жүгірген. Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті оқиға кезінде алкогольдік масаң күйде болған.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 28 жастағы ер адамның алкогольдік масаң күйде кіреберістен шығып, егде жастағы ер адамға дене жарақатын салғаны анықталды. Сонымен қатар ол зардап шеккен адамға араша түсуге тырысқан 41 жастағы әйелді де ұрған», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция азаматтарға қатысты зорлық-зомбылық пен агрессияның кез келген көрінісі заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертті.