Ақтөбеде 5 қараша күні әйел адамның қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиғаға оның бұрынғы күйеуі күдікті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Оқиға туралы алғаш болып марқұмның сіңлісі әлеуметтік желіде жазған. Оның айтуынша, әпкесінің артында кішкентай қызы қалған.
«Кеше түнде Ақтөбеде менің әпкемді бұрынғы күйеуі өлтіріп кетті. Екеуінің ортақ баласы бар еді. Жап-жас қызды қорлап өлтіріп тастады, өзі түрмеге кетті, кішкентай қызы жетім қалды», – делінген жазбада.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады. Ведомство мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал салдарынан болған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деп мәлімдеді полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиев.
Полицияның хабарлауынша, бұған дейін аталған адамдар арасындағы тұрмыстық жанжалдарға қатысты арыз-шағым түспеген .Марқұмның 26 жаста, ал күдіктінің 31 жаста екенін хабарлаған. Сондай-ақ әйелдің тұншықтырылып өлтірілгені айтылды. Алайда бұл мәліметтерді полиция әзірге ресми растаған жоқ.
Қазір тергеу жалғасып жатыр.