$ 451.87
€ 507.31
₽ 5.53

«Қазақ еліне +1 миллиардер!»: Ресейлік кәсіпкер Алекс Машрабов Қазақстан азаматы атанды

Редактор
06.11.2026, 10:39
әлеуметтік желі
әлеуметтік желі
Қазақстанда тағы бір миллиардер пайда болды

Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы, технология саласындағы кәсіпкер Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды. Оған Қазақстан азаматының төлқұжатын жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев табыстады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бұл туралы министр әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, 30 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматтығын беру туралы тиісті Жарлыққа қол қойған.

«Қазақ еліне +1 миллиардер! Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматының төлқұжатын қуана табыстадым. Биылғы 30 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды», – деп жазды Жаслан Мәдиев.

Министр Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы таланттарды қолдауға және халықаралық деңгейдегі технологиялық жобаларды дамытуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, ел билігі озық технологиялармен айналысатын мамандардың Қазақстанда жұмыс істеп, өз идеяларын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасауды көздейді.

«Сіздердің табыстарыңыз – жастарымыз үшін жарқын үлгі. Бұл Қазақстанда еңбек ете отырып, әлемдік деңгейдегі технологиялар жасауға, жетекші компаниялармен бәсекеге түсіп, халықаралық нарықтарды бағындыруға болатынын көрсетеді», – деді министр.

Жаслан Мәдиев кәсіпкерге Қазақстанды таңдағаны үшін алғыс айтып, алдағы уақытта бірлесіп жаңа технологиялық өнімдер әзірлеуге және отандық мамандарды қолдауға сенім білдірді. Айта кетейік, Higgsfield – жасанды интеллект көмегімен бейне және визуалды контент жасау технологияларын дамытатын компания. Алекс Машрабов оның тең құрылтайшыларының бірі.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау