Таразда өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатында күтпеген нәтиже тіркелді. Үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай финалда шымкенттік Элина Базароваға есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
6 қарашада өткен шешуші жекпе-жекте боксшылар 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Алматы атынан өнер көрсеткен Назым Қызайбай мен Шымкент өкілі Элина Базарова арасындағы тартысты кездесуде төрешілер 3:2 есебімен Базарованың жеңісін тіркеді. Осылайша, Элина Базарова Қазақстан чемпионы атанып, былтыр Семейде жеңіп алған атағын қорғап қалды. Ал Назым Қызайбай ел біріншілігін күміс жүлдемен аяқтады.
Айта кетейік, Назым Қызайбай – үш дүркін әлем чемпионы және 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері. Ол бұған дейін Қазақстан чемпионатында бірнеше рет топ жарған. Ал Элина Базарова ұлттық құрама сапында халықаралық жарыстарға қатысып жүрген тәжірибелі боксшы. Биыл Моңғолияда өткен Азия чемпионатында 1/8 финалға дейін жеткен.
Бокстан Қазақстан чемпионаты 30 қазан мен 6 қараша аралығында Тараз қаласында өтті.